Бүгiн 2026, 14:43 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Басшының орынсыз ұсынысы, оқытушының қысымы: Қай кезде харассмент?

Қазақстанда харассментке қарсы заң әзірленіп жатыр.

Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі харассментке қатысты заң жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл бастама қоғамда қызу талқыланып жатқан шақта заңгер Дәулетхан Ахметов харассменттің табиғаты, оны дәлелдеу жолдары және жаңа заңнан күтілетін нәтиже туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда да жағдай әлемдік статистикадан алыс емес

Қазақстанда харассментке қатысты ресми статистика жоқ. Сондықтан мәселенің нақты ауқымын бағалау қиын. Алайда заңгер әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, елімізде де жағдай күрделі болуы мүмкін екенін айтады.

Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, әрбір бесінші адам мұндай жағдайға тап болады. Бізде арнайы статистика жүргізілмегенімен, Қазақстан бұл көрсеткіштен қатты ерекшеленеді деп ойламаймын. Бұл – тек біздің емес, бүкіл әлемнің мәселесі. Сондықтан оны жоққа шығаруға болмайды,-дейді Дәулетхан Ахметов.

Оның айтуынша, көптеген адам қысым көргенімен, бұл туралы ашық айтуға қорқады немесе ұялады. Соның салдарынан мұндай фактілердің басым бөлігі ресми тіркелмей қалады.

Қазақстан бұл мәселеде кеш қалып қойған жоқ па?

Бүгінде бірқатар мемлекетте харассментке қарсы арнайы заңдар ондаған жыл бұрын қабылданған. Мысалы, Швеция мұндай нормаларды өткен ғасырдың соңында енгізсе, Үндістан арнайы заңды 2013 жылы қабылдаған.

Заңгердің пікірінше, Қазақстан бұл мәселеге кеш назар аударған.

Соңғы уақытта ғана қоғам бұл туралы ашық айта бастады. Бұған дейін көптеген қыз-келіншек жұмыс орнында немесе басқа ортада қысым көрсе де, оны жария етпейтін. Қазір адамдардың құқықтық сауаты артып келеді. Сондықтан мәселе көбірек талқылана бастады,- дейді ол.

Қандай әрекеттер харассмент болып саналады?

Маманның сөзінше, харассмент тек физикалық әрекеттен тұрмайды. Ол адамның қызметтік тәуелділігін пайдалану арқылы жасалатын қысымның әртүрлі түрін қамтиды.

Мысалы, басшының қызметкерді себепсіз жеке кездесуге шақыруы, орынсыз ұсыныстар жасауы немесе қызметтік жағдайын пайдаланып белгілі бір әрекетке итермелеуі харассмент белгілеріне жатуы мүмкін.

Бұл мәселе тек жұмыс орнымен шектелмейді. Заңгер жоғары оқу орындарында да осындай жағдайлар кездесетінін айтады.

Кейде оқытушы студент қызға ерекше назар аударып, өзінің жеке талабын орындатуға тырысуы мүмкін. Егер студент келіспесе, бағасын төмендету немесе оқу процесінде қысым көрсету секілді әрекеттер орын алуы ықтимал. Мұндай жағдайларды да назардан тыс қалдыруға болмайды,-дейді ол.

Қалай дәлелдей аламыз?

Сарапшының пікірінше, харассментке қатысты істердің аз тіркелуінің басты себептерінің бірі – дәлелдеу қиындығы.

Көп жағдайда қысым куәгерсіз өтеді. Сондықтан жәбірленушілер өз сөзін дәлелдей алмаймыз деп қауіптенеді.

Егер адам осындай жағдайға тап болса, барлық хат-хабарды, аудиожазбаларды, дауыстық хабарламаларды сақтауы керек. Қысым қайталанып отырса, дәлелдерді жүйелі түрде жинаған жөн. Себебі кейін құқық қорғау органдарына жүгінген кезде сол материалдар маңызды рөл атқарады,-дейді заңгер.

Жаза қандай болуы мүмкін?

Дәулетхан Ахметовтің айтуынша, харассмент үшін нақты жауапкершілік белгілеу қажет.

Менің ойымша, бұл жерде әкімшілік жауапкершілік болуы керек. Айыппұл салу немесе белгілі бір мерзімге әкімшілік қамау сияқты шаралар қарастырылуы мүмкін. Ең бастысы – құқық бұзушы жазасыз қалмауы тиіс,-дейді ол.

Сонымен қатар заңгер болашақта арнайы құқықтық механизмдер әзірленіп, харассмент ұғымы заңнамалық деңгейде нақты бекітілуі қажет деп санайды.

Жалған айып тағу қаупі бар

Кез келген құқықтық тетік сияқты, харассментке қарсы заңның да өз тәуекелдері болуы мүмкін.

Сарапшы мұндай жағдайда екі тараптың да құқығы қорғалуы керектігін атап өтті.

Егер бір адам харассмент болды деп арыз жазса, екінші тараптың да өз ұстанымын дәлелдеуге құқығы бар. Сондықтан мұндай істерде дәлелдеме басты рөл атқарады. Заң әзірленген кезде осы мәселелердің барлығы ескерілуі керек,-дейді Дәулетхан Ахметов.

Әйелдер неге үнсіз қалады?

Заңгердің айтуынша, көптеген әйел адам жұмыстан айырылып қалудан немесе қудалауға ұшыраудан қорқады.

Кейбір жағдайда қызметкер арызданғаннан кейін жұмыс беруші оның әрбір әрекетін бақылап, тәртіптік жаза қолдануға немесе жұмыстан шығаруға себеп іздеуі мүмкін.

Сондықтан көптеген қыз-келіншек құқық қорғау органдарына жүгінуге батылы жетпейді. Олар болашақ мансабына немесе жұмысына қауіп төнеді деп ойлайды. Бұл да мәселенің ашық айтылмауына әсер ететін факторлардың бірі,-дейді маман.

Харассментке қарсы заң әзірленіп жатқанымен, сарапшы бұл мәселені тек құқықтық тетіктермен шешу мүмкін емес екенін айтады. Маманның пікірінше, заңмен қатар қоғамдағы мәдениет пен жауапкершілік деңгейі де өзгеруі қажет. Әйтпесе қағаз жүзіндегі нормалар нақты өмірде күткен нәтижені бермеуі мүмкін.