25 Қараша 2026, 15:05 Фото: kazatomprom.kz

Басшылардың ұсталуы мен бағалы қағаздардың арзандауы: сарапшылар «Қазатомөнеркәсіптегі» жағдайға баға берді

«Қазатомөнеркәсіптің» жаһандық депозитарлық қолхаттары бір күнде 2,5 пайызға арзандады

«Қазатомөнеркәсіптегі» ұстаулар мен кадрлық ауыс-түйістер аясында ұлттық компанияның депозитарлық қолхаттары бір сауда күнінде 2,47 пайызға арзандап, 55,3 долларға дейін төмендеді. Лондон қор биржасының мәліметінше, бұл соңғы 12 айдағы ең жоғары көрсеткіштен 41 пайызға төмен. Қазақстандық Teniz Capital инвестициялық компаниясының сарапшылары жағымсыз жаңалықтардың басым бөлігі бағалы қағаздардың қазіргі құнында ескерілген деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

24 қарашадағы сауда қорытындысы бойынша «Қазатомөнеркәсіптің» жаһандық депозитарлық қолхаттары бір күнде 2,5 пайызға арзандады. Соңғы 12 айда бағалы қағаздардың ең жоғары құны 93,8 долларға жеткен еді.

Сарапшылардың айтуынша, компанияның бағалы қағаздарына соңғы ұстаулар ғана әсер еткен жоқ. Бір жыл ішінде пайдалы қазбаларды өндіру салығы өсті, күкірт қышқылын жеткізуде қиындықтар туындады, теңге нығайды. Ал қарашада «Самұрық-Қазынада» бірқатар тұлға ұсталды.

Уран қымбаттап, бағалы қағаздар арзандап жатыр

«Қазатомөнеркәсіптің» бағалы қағаздары арзандағанына қарамастан, уран бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр. Спот нарығында уранның бір фунты шамамен 90 долларды құраса, ұзақмерзімді келісімшарттар бойынша бағасы 98–99 долларға жетті. Бұл – номиналды мәндегі рекордтық көрсеткіш.

2026 жылдың үшінші тоқсанында «Қазатомөнеркәсіп» уранның бір фунтын орта есеппен 81,5 доллардан сатқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға жоғары. Компаниялар тобының сату көлемі де 25 пайызға өскен.

Сонымен қатар бағалы қағаздардың арзандауы бүкіл салада байқалып отыр. Teniz Capital мәліметінше, жыл басынан бері уран өндіруші компаниялардың акцияларына инвестиция салатын URNM қорының құны 20 пайыздан астам төмендеген. Ал уранның өзі шамамен 10 пайызға қымбаттаған.

«Қазатомөнеркәсіпті» не күтіп тұр?

Сарапшылар әлемде атом энергетикасына сұраныстың артып келе жатқанына назар аударды. Бұған жасанды интеллект технологияларына қызмет көрсететін деректер орталықтарын электр энергиясымен қамтамасыз ету қажеттілігі де ықпал етіп отыр.

Сарапшылар келтірген Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (World Nuclear Association) болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай ядролық реакторларға жыл сайын шамамен 150 мың тонна уран қажет болады. Бұл қазіргі қажеттіліктен екі еседен астам көп. Қолданыстағы кен орындарында өндіріс көлемінің қысқаруы және жаңа жобалардың аздығы салдарынан сарапшылар әлемдік нарықта уран тапшылығы туындауы мүмкін деп болжап отыр.

Сонымен қатар «Қазатомөнеркәсіп» әлемдегі ең ірі уран өндіруші компания болып қала береді. Оның өндіріс шығындары да саладағы ең төмен көрсеткіштердің бірі саналады.

Тергеуге байланысты кен орындары, келісімшарттар және уранға деген сұраныс өзгерген жоқ. Біздің ойымызша, жағымсыз жаңалықтардың басым бөлігі бағалы қағаздардың қазіргі құнында ескерілген. Мемлекеттік компанияда тәртіп орнатылуын миноритарлық акционерлер үшін оң белгі деп бағалаймыз. Сатып алу мен басқару жүйесі неғұрлым ашық болса, пайданың дивиденд түрінде акционерлерге бөлінетін үлесі де соғұрлым артады, – деп атап өтті Teniz Capital сарапшылары.

Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта басты назар бос қалған басшылық лауазымдарға кімдердің тағайындалатынына және қылмыстық іске қатысы бар тұлғалар қатарының кеңеюі мүмкін бе деген мәселеге аударылады.

Бұған дейін не болды?

Еске салайық, 23 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіптің» өндіріс жөніндегі бас директоры – басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және өзге де тұлғаларды ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Омарбеков «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырды делінген сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді.

24 қарашада «Қазатомөнеркәсіптің» директорлар кеңесі басқарманың екі мүшесі – Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты.

Осыдан кейін ұлттық компания ресми мәлімдеме жасап, құқық қорғау органдарымен ынтымақтасып жатқанын хабарлады. «Қазатомөнеркәсіп» қалыпты жұмыс режимін жалғастырып жатқанын, сондай-ақ 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдардың өзгеріссіз қалғанын мәлімдеді.

Бұған дейін, 11 қарашада «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолының» басшылары Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің ұсталғаны белгілі болды. Кейін сот оларды қамауға алуға санкция берді.