Тоқаев "Астана" ХҚО басқарушысын қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовті қабылдады. Бұл туралы ҚР Президенті Twitter-дегі жеке парақшасында жазды. 

"Астана" ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовті қабылдадым. Орталық алға қойған міндеттерін тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын айттым. АХҚО шетелдік капиталды тартудағы, қор нарығын дамытудағы, инвесторлардың құқықтарын қорғаудағы, сапалы қаржылық қызмет көрсетудегі жұмыстарды күшейту қажет", - делінген Twitter-дегі хабарламада.

Мемлекет басшысына «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржы нарығын дамыту, қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ, сауда және инвестициялық ынтымақтастық салаларындағы жұмысының негізгі қорытындылары жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бір бөлігі екенін атап өтіп, жүктелген міндеттерді тиімді орындау қажеттігін айтты.

Қайрат Келімбетовтің ақпараты бойынша Орталықта барлық қажетті инфрақұрылым, соның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты, Халықаралық арбитраж орталығы, қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі және халықаралық биржа комитеті орналасқан. Тараптардың әлемнің кез келген нүктесінен «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық арбитраж орталығына электронды түрде талап арыз беруіне  мүмкіндік туғызатын Еjustice – онлайн-порталын іске қосу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жасалған жағдайдың арқасында Қазақстанның қаржы орталығы GFCI қаржы орталықтарының жаһандық индексіңде әртүрлі 102 халықаралық орталықтың ішінде 51-орынға көтерілгені туралы ақпарат берілді.

Соңында Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын одан әрі дамытып, ілгерілету үшін бірқатар нақты тапсырма берді. 





Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы