Шын мұқтаждар мемлекеттік қолдаудан шет қалды – басқарма басшысы АӘК туралы
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында әлеуметтік саясаттың әділ жүргізілуін бақылауда ұстауды тапсырғаны белгілі. Барлық жүйе ашық әрі әділетті болуы тиіс. Ал мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыруға бағытталуы керек.
Бұл сөз неге айтылды? Әрине, ала жаздай жыр болған 21 мың теңгеге жуық атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келгендердің іс-әрекетінен. Ал Жамбыл облысындағы жағдай қандай? Қаржылай көмек кімдерге берілді, қаншасы заңды жолмен алған? Бұл сауалдарға жергілікті әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов жауап берді.
– Атаулы әлеуметтік көмек беру бойынша бүгінде өңірде қалыптасқан жалпы жағдай жайында айтып берсеңіз?
– Биылғы 1 қазанға дейін облыста атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіріп, барлығы 45 544 отбасы, яғни 232 271 адам қайырылды. Оның ішінде 9 632 отбасына көмек тағайындаудан бас тарттық. Себебі, табыстары шекті деңгейден асып тұрса да, жалған мәлімет ұсынған. Жалпы 35 497 отбасыға, яғни 179 497 адамға 14,5 млрд теңге көлемінде жәрдемақы төленген.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде 24 995-інің өтінім беру кезінде жұмысы бар болатын, ал тұрақты табыс көзі жоқ 2 934 азаматты еңбекпен қамтудың белсенді шараларына тарттық. Атап айтсақ, 1 535 адамға тұрақты жұмыс тауып берсек, 51-і жеке кәсіптерін ашты, 164-і біліктілікті арттыру, қайта даярлау және қайта оқыту курстарынан өтті. 879-ы – қоғамдық жұмыс орындарына, 242-сі әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, 63-іне "Жастар тәжірибесі" бойынша жолдама берілді.
– Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандар туралы көп айтылып жүр. Жамбыл облысында табысын жасырған, жалған ақпарат бергендер туралы қанша дерек анықталды?
– Рас, мұндай фактілер бар. Оған әртүрлі жайттар себеп болған. Кейбір отбасы білместіктен табыстары туралы толық ақпарат көрсетпеген. Ал кейбірі әдейі жасырған. Қазіргі кезде олардың алаяқтық әрекеттері әшкереленді. Бүгінгі таңда облыста 6 914 отбасына зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде 933 отбасы бюджетке 133,5 млн теңге қайтаруы тиіс болса, 26,8 млн теңгені өз еркімен қайтарған.
– Президент тапсырмасына сәйкес келесі жылы жаңа әлеуметтік қолдау жүйесі енгізілмек. Қандай өзгерістер күтілуде?
– Атаулы әлеуметтік көмек берудің қазіргі қолданылып жүрген жүйесін өзгертетін заң жобасы әзірленуде. Мұнда ең бастысы еңбекке ынталандыруға маңыз берілетін болады. Осылайша, табысы аз азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету көзделуде.
Негізгі ұсынылып отырған жаңа ұстанымдарды үш тармаққа бөліп қарауға болады: біріншісі – көпбалалы аналарды қолдауға, екіншісі – жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмекті қамтамасыз етуге, үшіншісі кепілді әлеуметтік топтаманы әзірлеуге бағытталмақ.
– Бұл өзгерістер көпбалалы отбасылар үшін қандай жеңілдік әкеледі?
– Біз атаулы әлеуметтік көмек алушыларға талдау жасадық. Сонда көз жеткізгеніміз, солардың 50%-ға жуығы көпбалалы отбасылар екен. Әлеуметтік қолдау жүйесінің ұсынылып отырған жаңа жобасында оларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы отбасы балаларының санына қарай 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін белгіленеді.
Біз өңірімізде көпбалалы отбасылардың табысы кедейлік шегінен 100 теңге асып кеткені үшін жәрдемақы ала алмағанын да көріп жүрміз. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – әлеуметтік теңсіздікті жою мақсатында жасалған қадам. Осы арқылы көпбалалы аналардың қоғамдағы беделі мойындалып, олардың әл-ауқатын арттыруға әкелетін жол ашылады.
Атаулы әлеуметтік көмек – отбасыларға төленетін жалғыз көмек емес. Балалы отбасыларға әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың әр түрін төлеу қарастырылады. Аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет енгізіледі. Яғни, алдағы уақытта "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Заңға өзгерістер енгізіліп, табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілді әлеуметтік пакет беріледі. Ал 6 жасқа дейінгі балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Мектепке барған балғындар үшін тегін ыстық тамақ, күнделікті мектепке дейін және кері тегін жол жүру билеті, сондай-ақ мектеп киімі мен оқу құралдары мемлекет есебінен қамтамасыз етілетін болады.
– Атаулы әлеуметтік көмек беру жалғасады деп айттыңыз, оның тәртібі мен талабы сол күйі сақтала ма?
– Атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта былтырдан бастап тағайындалған. Биыл 1 сәуірден бастап тағы да өзгерді. Негізгі мақсаты отбасын қиын жағдайдан шығару болатын. Бірақ кейбір азамат бұл жәрдемақыны мүмкіндік емес, табыс көзіне айналдырып алғанын жасырмаймыз. Сондықтан да жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекке біршама өзгеріс енгізілмек. Оның негізгісі – тағайындаудың тоқсан сайын жүргізілетіні. Бұл дегеніміз, әр тоқсан сайын отбасы өз табысын растап тұру қажет. Сонымен қатар, өтініш берген отбасы жалған ақпарат берген немесе көмекті заңсыз алған жағдайда 6 айға өтініш беру құқығынан айырылады. Ал отбасының еңбекке жарамды мүшелері белсенді шарадан бас тартса, оларға көмек көрсетуден толық бас тартылады. Тұрғылықты мекенжайы бойынша тұрақты тіркеуде болмаған жағдайда, уақытша тіркеуде 6 айдан кем емес мерзімде болғанда ғана тағайындалады.
Жәрдемақы мөлшері кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы табысының айырмасы ретінде барлық отбасы мүшелеріне төленеді. Ал отбасындағы бала күтімімен тек 3 жасқа дейін ғана отыру шегі қойылды.
– Учаскелік комиссияның жұмысына көпшіліктің көңілі толмайтындығы туралы көп айтылады. Наразылықтар көп. Комиссия құрамы және оған қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер бола ма?
– Бірнеше қабатты жеке үйлерде тұрып жатқан, бірнеше автокөлігі, жер учаскелері мен үлкен жеке қосалқы шаруашылықтары бар азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып кеткен мысалдар аз емес. Бұл жағдайлар учаскелік комиссияның жеке жауапкершілігінде. Сондай "көңілжықпастық" әрекеттердің зардабын басқалар тартты. Өкініштісі сол, шын мұқтаждар мемлекеттік қолдаудан шет қалды.
АӘК-ке үміткер отбасылар санының артуы, оларды зерделеуге берілген уақытының аз болғаны қоғамдық негізде жұмыс істейтін учаскелік комиссиялардың жұмысына кері ықпал еткенін мойындау керек. Сондықтан заң жобасында учаскелік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау үшін белгіленетін мерзім 3 күннен 7 күнге дейін ұзаратын болады. Сонымен қатар, заң жобасында учаскелік комиссиялар үшін АӘК мұқтаждығын анықтау өлшем шарттары бекітіледі. Учаскелік комиссияның қорытындысы бойынша АӘК беруге мұқтаж емес отбасыларға, оны тағайындаудан бас тарту негіздері толықтырылады.