Баспасөз картасы Масс-медиа туралы заңнан алынып тасталды
Бұл туралы Мәжілісте “Масс-медиа туралы” заң жобасын таныстырған кезде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасын депутат Жанарбек Әшімжанов таныстырды.
“Масс-медиа туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары ел Президентінің сол тапсырмасына сәйкес мемлекет мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа-саланың даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған, - деді депутат.
Бұған басқа, негізгі заң жобасында журналистердің мәртебесін арттыру, журналистердің құқықтарын нығайту және міндеттерін қайта қарау, журналистердің артықшылықтарын кеңейту үшін нақты ұсыныстар көзделген.
“Масс-медиа туралы” заң жобасын әзірлеушілер журналистерді аккредиттеу рәсімін жеңілдету және автоматтандыруға арналған баспасөз карталарын енгізуді ұсынғанын еске сала кетейік.
Бірінші оқылымда талқылау барысында аккредиттеу мен баспасөз картасының тұжырымдамалық айырмашылығының болмауына байланысты бұл норма дау тудырды. Нәтижесінде жұмыс тобы оны заңнан алып тастау туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ “бұқаралық ақпарат”, “діни телебағдарлама”, “теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік” ұғымдары алынып тасталды.
Бұл ретте “журналистің ерекше мәртебесі” және “аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі” ұғымдары енгізіліп, “журналистерді (БАҚ өкілдерін) аккредиттеу” және “масс-медиа мониторингі” ұғымдары нақтыланады. Осы орайда уәкілетті органға бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу құзыреті жүктеледі.