Баспанасыз қалғандарға өтемақы төлене бастады

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай  облысының орталығында тілсіз жаудан зардап шегіп, бір сәтте жылдар бойы  күнелтіп келген жалғыз баспанасы жанып кеткен тұрғындар үшін аптаның басы жағымды жаңалықтан басталды. Себебі Набережная көшесіндегі баспанасының іргетасы ғана қалған азаматтарға қала билігі өтемақы төлеп жатыр.

Бұл жайында Қостанай қалалық әкімдігінде өткен алқалы жиында шаһар әкімі Марат Жүндібаев мәлімдеді. 

Қала әкімінің айтуына қарағанда, ай мен күннің аманында өз шаңырақтарынан айрылып, жапа шеккендерге өтемақы ретінде берілетін қаражаттың жалпы көлемі 150 млн теңгеден асып кеткен. Бұл сомма тұрғындардың баспанасы орналасқан жер телімінің қазіргі нарықтағы бағасы бойынша белгіленген екен. Сонымен қатар күлі көкке ұшқан екі үйдің иелерінің меншік құқығын растайтын нақты құжаттарының болмауына байланысты залал шығынын өтеу кейінге шегеріліпті.

Өрттің салдарынан қайда барарларын білмей абдырап қалған қала тұрғындарына алғашқы көмек ретінде әрбір отбасына 200 мың теңгеден төленді.  Сондай-ақ, өрттен зардап шеккен  15 отбасына жалпы 754 мың теңгеге азық-түлікпен көмек көрсетілді. Төтенше жағдайлар мақсатында құрылған арнайы қордан әрбір зардап шеккен отбасына 214 мың теңге немесе 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Ол 3,2 млн  теңге мөлшерінде, – деді Қостанай әкімі Марат Жүндібаев.

Қостанай әкімі атап өткендей, өрт салдарынан жойылған мүліктің құнын анықтау жөнінде құрылған арнайы комиссия өз жұмыстарын аяқтаған. Арнайы комиссияның шешімімен 19 мамырда өтемақыларды төлеу бойынша шешім қабылданған екен. Тілсіз жаудан баспанасы толығымен жанып кеткен 11 отбасына жаңа тұрғын үй сатып алуға жер тілімдерінің құнын ескере отырып, қажетті қаражат жеке есеп шоттарына аударылып та қойыпты.

Осы арада ескерте кететін бір жайт, баспанасы толық жанып кеткен 13 отбасы болса, соның 11-іне қажетті қаражат төленді. Жанып кеткен баспанасына иелік ететін,  меншік құқығын растайтын құжаттардың жетіспеуіне байланысты екі баспана иесіне өтемақы төлеу мәселелерін шешу үшін сотқа жүгіну керектігі туралы кеңес берілді.  Қажет болса, біз де сотқа қатысатын боламыз, – деді Марат Қонысбайұлы.

Облыс орталығының басшысы атап өткендей, қаланың қоғамдық кеңесінің бастамасымен зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету мақсатында арнайы шот ашылыпты. Қазіргі уақытта оған 3,4 млн теңге жиналған. Осындай игі бастамаға үлесін қосқан қала әкімдігінің  қызметкерлері  бір күндік еңбек ақысын аударып, 335 мың теңге жиналған екен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы