17 Қыркүйек 2026, 11:17 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Баспанаңыз болса, оны табиғи апаттан сақтандыруға міндеттелуіңіз мүмкін: Ол қалай жұмыс істейді?

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сақтандыру нарығы және актуарлық есептеулер департаменті директорының орынбасары Серікбосын Төлебеков BAQ.KZ берген сұхбатында табиғи апаттардан тұрғын үйді міндетті сақтандыру механизмін түсіндіріп берді. 

Серікбосын Төлебековтің сөзінше, бұған дейін табиғи апаттардан тұрғын үйді сақтандыру міндетті болмаған. 

Бұған дейін сақтандырудың бұл түрі ерікті сақтандыруға жататын. Ол кезде мүлікті әртүрлі залалдан сақтандыруға болатын. Енді біз міндетті сақтандыру түрін ұсынып отырмыз. Қарастырып отырған үш тәуекел: жер сілкінісі, табиғи өрт және су тасқыны. Себебі БҰҰ бағалауы бойынша, Қазақстанның өңірлерінің 75 пайызы жер сілкінісі, табиғи өрт және су тасқынына бейім екен, - дейді Серікбосын Төлебеков. 

Оның сөзінше, заң қарастырылып, қолданысқа енгізілген жағдайда, қазақстандықтар сақтандыру төлемін төлеу қажет болады. 

Сақтандыру төлемі 2 мың мен 20 мың теңге аралығында. Сонымен қатар, ол мүліктің қай өңірде орналасқанына да байланысты. Егер баспана тәуекелі жоғары өңірде орналасса, сәйкесінше сақтандыру төлемі де жоғары болады. Табиғи апат болып, мүлікке зақым келген болса, сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысына байланысты бастапқы кезде 500 есе төлем төлейді. Егер сақтандыруға 2 мың теңге төлеген болса, сақтандыру сыйақысы ретінде 1 млн теңге беріледі. Егер 20 мың төлеген болса, сақтандыру төлемі 10 млн теңге, - дейді Серікбосын Төлебеков. 

Сонымен қатар, Серікбосын Төлебеков мүлікке табиғи апат салдарынан зақым келген жағдайда, бағалау жұмыстары қалай жүргізілетінін түсіндірді. 

Бағалау жұмыстарын барынша тиімді, қолайлы ету қарастырылып отыр. Төлемді де тез төлеу жоспарланып отыр. Екі жағдай қарастырылады: егер мүлік қалпына келуге жараса төлем 250 есе болады. Ал егер баспана қалпына келмейтіндей болса, 500 есе, яғни 10 млн теңге алатын болады, - дейді Серікбосын Төлебеков. 

Еске салайық, Қазақстанда тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өрттерінен міндетті сақтандыру енгізу мәселесі қарастырылып жатыр

Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген. Құжаттың негізгі мақсаты – міндетті сақтандыру жүйесін азаматтар мен бизнес үшін түсінікті әрі икемді ету, сондай-ақ сақтандыру қорғанысын нақты тәуекелдерге бейімдеу.