Баспана, жұмыс және тең мүмкіндік: Жастарға қандай қолдау қажет?
Жастарға баспана алуға көмектесу, сұранысқа ие кәсіп үйрету және өз бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Ұлттық даму күн тәртібінде – жастар» сарапшылық диалог алаңында осы мәселелер талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған басымдықтарға арналған кездесуге депутаттар, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері және студенттер қатысты.
Қатысушылар жастардың білім алуынан бастап, жұмысқа орналасуы мен қоғамдық шешімдерге араласуына дейінгі мәселелерді көтерді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров Жолдаудағы маңызды мәселелерге тоқталып, жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсінікті тілмен жеткізудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жастармен жұмыс жүргізгенде олардың өз ұсыныстарына құлақ асып, жобаларды бірлесіп жүзеге асыру қажет.
«Жастардың әлеуетін тиімді пайдалану, олардың білімі мен кәсіби құзыретін дамыту, бастамашылдығын қолдау және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау ерекше маңызға ие. Бүгінгі таңда жастар саясаты тек әлеуметтік қолдау шараларымен шектелмеуі тиіс» – деді Қайрат Қамбаров.
Комитет төрағасы білім беру жүйесі мен еңбек нарығының байланысын нығайту қажет екенін айтты. Жастар меңгерген мамандық олардың жұмысқа орналасуына, табыс табуына және кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік беруі керек.
Осы бағытта ол Астанада жүзеге асырылып жатқан «Жол тап» бағдарламасын мысалға келтірді. Мұндай жобалар жастарға сұранысқа ие кәсіпті меңгеруге, еңбек нарығына шығуға қажетті практикалық дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі.
Технологияны меңгеріп, жаңа шешім ұсыну маңызды
Кездесуде цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуы жастарға қандай талап қоятыны да сөз болды. Комитет төрағасының пікірінше, цифрлық сауаттылықты арттырумен қатар, жастардың жаңа технологияларды меңгеруіне және өз идеясын ұсынуына мүмкіндік беру керек.
«Жастар тек технологияларды пайдаланушы ғана емес, жаңа идеялар мен отандық инновациялық шешімдерді әзірлеуге қабілетті мамандар болуы қажет», – деді Қайрат Қамбаров.
Ол жастардың кәсіпкерлік және шығармашылық бастамаларын қолдаудағы басты мақсат олардың өз бетінше әрекет етуіне жол ашу екенін жеткізді.
«Біздің басты қағидаттың бірі – жастардың арасында масылдыққа жол бермеу. Жастардың қолына қармақ беру. Осы бағытта бірлесіп жұмыс жасауымыз керек», – деді комитет төрағасы.
Тең мүмкіндік пен инклюзивті орта
Диалог барысында жастарды қолдаумен қатар, инклюзивті ортаны дамыту мәселесі де көтерілді. Құрылтай депутаты Динара Наумова Жолдаудағы осы бағыттарға ерекше назар аударғанын айтты.
«Мен жастар мәселесі мен инклюзивті ортаға ерекше көңіл бөлемін. Сондықтан Жолдауда осы бағыттың қамтылғаны қуантты. Балаларға арналған оңалту орталықтарын салу жоспарланғаны айтылды. Өзім ерекше қажеттілігі бар балаларға көмек көрсететін әлеуметтік кәсіпкер болғандықтан, бұл тақырып мен үшін өте маңызды», – деді Динара Наумова.
Депутат жастармен кездесудің еркін пікір алмасуға құрылуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай алаңдарда қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ұсыныстарын жеткізе алуы керек.
«Бүгін жастармен кездесіп отырмыз. Бұл алаңда құрғақ баяндамалармен шектелмей, еркін пікір алмасқанымызды қалаймын. Бірнеше спикер негізгі мәселелерге тоқталады. Кездесу мазмұнды өтеді деп ойлаймын», – деді ол.
Азаматтық жауапкершілік күнделікті әрекеттен басталады
Жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуы да талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі болды.
Кездесуде жастар аға-буын өкілдерімен еркін әңгімелесіп, көаейде жүрген сауалдарын қойды.