Баспана салатын қаражат болмаса, оны сырттан алайық – Құрылысшылар одағының басшысы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев мәлімдеді.
Ол инфляция кезінде баспана алудың тиімділігін былай түсіндірді.
Теңгенің құндылығын инфляция «жеп» қояды. Қазір егер несие арзан болса, 5%-дан аспаса, несиені қайтару жеңілдейді. Тек теңге емес, доллардың өзі құлдырап, құндылығы түсті. Осы 30 жылдың ішінде доллардың құны 104%-ға төмендеді. 2020 жылы валютаның төмендеуі 10-15%-ды көрсетті. Зерттеулерге сүйенсек, жыл сайын теңгенің құлдырауы 12-14%-ға артады. Ол сәйкесінше, құрылыс заттарының қымбаттауына ұласады. Құрылысшылар үшін ең маңызды нәрсе – тұрақтылық, - деп атап өтті одақ төрағасы.
Спикер өзімізде қаражат болмаса, оны сырттан әкелу керек деп есептейді.
Өйткені 30 жылдан кейін біз оны қайтарсақ, доллардың құндылығы екі есе арзан болады. Несиені беретін тараптар әлемде көп. Үкімет кепілдік берсе болғаны. Ол үшін жауапкершілік, оны мойнына алатын басшы, шешім керек. 2020 жылы қабылданған бағдарламаның аясында біз биыл 16,2 млн шаршы метр, 2023 жылы 17,7 млн шаршы метр құрылыс салуымыз қажет. Бір ай бұрын 4 жылда 62 мың шаршы метр құрылыс салуға міндеттейтін жаңа бағдарлама қабылданды. 4 жылға бөлгенде 15-ақ млн (шаршы метр) шығады. Бұл қайта көрсеткішті төмендеткенімізді білдіреді. Былтыр ЖІӨ 3,8%-ға көтерілсе, қазір 2,21%. Қазір қаражат салмасақ, келесі жылы одан да төмендейді, - дейді ол.
Сондай-ақ Құрылысшылар одағының басшысы алдағы уақыттағы жоспарымен бөлісті.
Президент Жолдауында «еститін Үкімет» ұғымын алға тартты. Халықтың талаптарын естиді деген үміттеміз. Алайда бізбен диалогқа (Үкімет) шықпайды. Сондай қиындықтар бар. Алдағы уақытта қалай әрекет ететінімізді ойластырып жатырмыз. Мүмкін, өз тарапымыздан ұсыныстарымызды айтып, қағаз жүзінде дәлелдеп, тікелей Президенттің өзіне немесе Президент әкімшілігіне шығамыз ба деген ой да жоқ емес. Егер Үкімет шеше алмаса, Президент әкімшілігіне шығамыз. Құрылыс материалдарының бағасы өссе, 2-3 айдың арасында құрылыс та қымбаттайды. Нарықтың қалыптасқан осындай заңдылығы бар. Сондықтан көктемге қарай пәтердің тағы да өскеніне куә боламыз. Бізге тұрақтылық керек. Нарықта тәртіп болмаса, бізге де (құрылысшыларға) пайдасыз. Жоспардағы шаршы метрдің азаюы қаншама мекемедегі тұрақсыздыққа алып келді, - деді Талғат Ерғалиев.