Баспана мәселесі: Мұқтаж адамдар саны тағы 5 млн-ға өсуі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев журналистерге берген сұхбатында айтты.

Қазір баспанаға мұқтаж 2 млн адам бар. Бірақ урбанизацияны ескерсек, баспанаға мұқтаждар қатарына тағы 5 миллион адам қосылады деп күтіп отырмыз. Нәтижесінде тұрғын үй алғысы келетіндер саны 7 млн-нан асуы мүмкін, - деді Талғат Ерғалиев.

Сөзінше, бірақ бұл тек елордада ғана емес, барлық қалада болады. Ерғалиев сөз арасында неліктен мұндай болжам жасалып отырғанын түсіндірді.


Ауыл тұрғындары облыс орталықтары мен қалаларға, ал облыс орталықтарынан ірі қалаларға ағыла бастайды. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларына көшеді. Мұндай жағдай 10 жыл ішінде күтіліп отыр. Оның себебі - ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы өмір сүру деңгейі ауылдық жерлерге қарағанда сапалы, - деп түсіндірді Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

Оның сөзінше, бүгінгі күні ауылға қажет мамандықтар бойынша гранттар беріліп жатыр. Нәтижесінде ауылдан келіп білім алатын жастар қатары өседі.


Ал қалада оқып, тұрған адам қайта ауылға оралғысы келмейді. Осы жағдайларды ескеріп, болжам жасап отырмыз, - деп тоқталды Ерғалиев журналистерге берген сұхбатында.

Бұған дейін елімізде 2 млн адам баспанаға мұқтаж екенін хабарладық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы