Баспана және жұмысшылар: Шымкенттегі әкіммен кездесу қызу пікірталасқа ұласты
Шымкент қаласында шешімін таппаған бірнеше мәселе бар.
Шымкенттіктер әкіммен кездесіп, шешімін таппаған мәселелерін ортаға салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкент қаласында шешімін таппаған бірнеше мәселе бар. Олардың бірең-сараңы бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың халықпен көшпелі кездесуі барысында көтерілді.
Сауалдың көбісі – тұрғын үй мәселесіне қатысты болды. Бірі Отбасы банк арқылы берілген үйдің жоғарғы қабаттан екенін айтса, екінші тұрғын үйдің қауіпті жай-күйі туралы айтты.
Қала тұрғыны Гүлжан Мамырова да тұрғын үйдегі кезегі бойынша сауал жолдады.
Мен Қазақстанға еңбегі сіңген ұстазбын. 35 жылдық еңбек өтілім бар. 13 жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұрғанмын. Бір жылдан кейін зейнетке шығамын. Отбасы банк келісім бермей отыр. Сонда мен қашан өз еңбегімнің рақатын көремін? - деп сауал жолдады.
Ал ақсақал Шымкенттегі көше сыпырушылардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше қала көшелерінде дәретхана мен жылыну үшін жағдай қарастырылмаған.
Әрине, ол кісілерге алаңдаушылық білдіргеніңіз қуантады. Бірақ жағдай жасалмай жатыр деп айтуға болмайды. Биыл автобустар алдырттық. Егер жылынса, дәретханаға барғысы келсе сол автобустарға барады, - деді ол.
Ал қаланы көгалдандыру жұмыстарына алаңдаушылық білдірген тұрғынға:
Қалада көп тал ескірген. Орталары шіріп жатыр. Оны мойындау керек. Өткендегідей жағдай қайталанбас үшін, бізтиісті жұмыстарды жасап жатырмыз. Көктемде тағы тал егеміз, - деді әкім.