6 Қараша 2026, 15:19 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алаяқтықтан келген шығын: Жаңа Азаматтық кодексте не ескерілуі керек?

Алаяқтың арбауына түсіп, ақшасынан айырылған адам мүліктік құқығын қалай қалпына келтіреді? Баспана иесі мен кәсіпкердің мүддесін қорғау үшін қандай құқықтық тетіктер қажет? Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында осы мәселелерге назар аудару маңызды. Заң ғылымдарының кандидаты, «Тұран» университеті Жоғары құқық мектебінің қауымдастырылған профессоры Салима Сарина қолданыстағы заңнаманың негізгі қағидаларын сақтай отырып, оны қазіргі экономиканың қажеттіліктеріне бейімдеу қажет деп есептейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қолданыстағы кодекстен толық бас тарту қажет пе?

Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу қолданыстағы құжат өз міндетін атқара алмай қалды дегенді білдірмейді. Салима Саринаның айтуынша, оны қолдану барысында азаматтық қатынастарды реттеудің орнықты жүйесі қалыптасқан. Бұл жүйе қатысушылардың теңдігіне, меншікке қол сұқпаушылыққа, шарт еркіндігіне және азаматтық құқықтарды сот арқылы қорғауға сүйенеді.

Мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы Азаматтық кодексі өз міндеттерін атқара алмай қалды деп айтпас едім. Меніңше, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде осы іргелі қағидаларды сақтап, азаматтық заңнаманың сабақтастығын қамтамасыз ету аса маңызды, – дейді сарапшы.

Дегенмен экономикадағы өзгерістер құқықтық реттеуді де жетілдіруді қажет етеді. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, электрондық сауда мен кәсіпкерліктің жаңа үлгілері дамыған сайын жекелеген азаматтық-құқықтық институттарды жаңарту қажеттілігі туындайды.

Сарапшы осы тұста корпоративтік қатынастарға ерекше назар аудару керек екенін айтады. Қазір оларды реттейтін нормалардың едәуір бөлігі арнайы заңнамалық актілерде қамтылған. Сондықтан Азаматтық кодексте заңды тұлғаларға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін, корпоративтік басқару және корпоративтік құқықтарды қорғау тетіктері жөніндегі жалпы ережелерді жүйелі түрде бекіткен жөн.

Мәселе қолданыстағы құқықтық үлгіден толық бас тартуда емес, оны қазіргі экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып, дәйекті түрде дамытуда болып отыр, – дейді Салима Сарина.

Интернет-алаяқтық: зардап шеккен адамның құқығы қалай қалпына келтіріледі?

Азаматтар қашықтан шарт жасасып, электрондық сервистерді, цифрлық платформалар мен қаржы қосымшаларын жиі пайдаланады. Осындай жағдайда цифрлық ортадағы мүліктік құқықтарды қорғау мәселесі де өзекті бола түседі.

Салима Саринаның пікірінше, жаңа Азаматтық кодексте азаматтарды қорғаудың нақты азаматтық-құқықтық тетіктері көзделуге тиіс. Әңгіме алдаудың ықпалымен жасалған мәмілелердің, дербес деректер мен электрондық сәйкестендіру құралдарын заңсыз пайдаланудың құқықтық салдары және келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы болып отыр.

 Азаматтық заңнаманың басты міндеті – зардап шеккен адамға бұзылған мүліктік құқықтарын қалпына келтірудің түсінікті әрі іс жүзінде жұмыс істейтін тетіктерін ұсыну, – дейді ол.

Сарапшы цифрлық қызмет көрсетушілер мен платформа операторларының жауапкершілігін айқындауға да назар аударады. Бұл ретте әр қатысушының нақты рөлі мен белгіленген міндеттерді бұзу дәрежесі ескерілуі керек.

Алайда интернет-алаяқтық мәселесін бір ғана кодекспен шешу мүмкін емес. Оның айтуынша, азаматтық, қылмыстық, банктік заңнама мен дербес деректерді қорғау туралы заңнаманың өзара үйлесімді әрі кешенді қолданылуы қажет.

Баспана мен бизнесті қорғау үшін не маңызды?

Сарапшы мемлекеттік және жеке меншікті тең қорғау қағидаты Қазақстанның құқықтық жүйесінде қазірдің өзінде бекітілгенін атап өтті. Сондықтан жаңа кодексте бұл қағидатты қайталап жазумен шектелмей, оның іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету маңызды.

Азаматтар үшін бұл тұрғын үйге және өзге де мүлікке меншік құқығының сенімді қорғалуын білдіреді. Ал кәсіпкерлерге мүліктік құқықтардың тұрақтылығы, шарттық қатынастардың болжамдылығы және бизнесті қорғаудың тиімді тетіктері қажет.

 Меніңше, мүлікті адал иеленушілердің құқықтарын қорғау, залалды өтеу, бұзылған меншік құқықтарын қалпына келтіру, сондай-ақ мүліктік қатынастарға заңсыз араласудан қорғау тетіктерін жетілдіру қажет, – дейді Салима Сарина.

Кәсіпкерлік саласында заңды тұлғаларға қатысушылардың корпоративтік құқықтарын қорғау мен басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету де маңызды. Сонымен бірге меншік иелерінің, кредиторлар мен азаматтық айналымның өзге қатысушыларының мүдделері арасында орынды теңгерім болуы керек.

Сарапшының айтуынша, құқықтық қорғаудың нәтижелі болуы заң мәтініне ғана байланысты емес. Сот практикасының біркелкілігі, сот төрелігінің қолжетімділігі және сот шешімдерінің нақты орындалуы да шешуші рөл атқарады. Сондықтан кодексті жаңғыртумен қатар оны қолдану тетіктерін жетілдіру қажет.

Кең талқылау заңның сапасына кепіл бола ма?

Азаматтық кодекс күнделікті мәмілелерден бастап ірі кәсіпкерлік құрылымдардың қызметіне дейінгі мүліктік қатынастарды қамтиды. Сол себепті оны әзірлеуге ғалымдардың, тәжірибелі заңгерлердің, бизнес пен сот жүйесі өкілдерінің қатысуы маңызды.

Салима Саринаның түсіндіруінше, ғалымдар ұсынылған өзгерістердің тұжырымдамалық және жүйелік тұрғыдан негізді болуын қамтамасыз ете алады. Тәжірибелі заңгерлер құқық қолданудағы проблемаларды анықтаса, бизнес өкілдері азаматтық айналымның нақты қажеттіліктерін көрсетеді.

 Алайда кең көлемде талқылаудың өзі болашақ заңның сапасына кепілдік бермейді. Кәсіби қауымдастықтың ұсыныстары шын мәнінде талданып, талқыланып, түпкілікті мәтінді дайындау кезінде ескерілуі маңызды, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, жаңа құжатта уақыт сынынан өткен құқықтық институттарды сақтап, сонымен қатар корпоративтік қатынастардың, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына жағдай жасау қажет.

Салима Сарина осы жұмыстың сабақтастығын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы Азаматтық кодексті әзірлеуші Майдан Күнтуарұлы Сүлейменовті де жаңа құжатты дайындауға шақыруды ұсынады.

 Біздің ортақ міндетіміз – қоғам мен экономиканың қажеттіліктеріне жауап беретін, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын және құқықтық айқындықты сақтайтын заманауи, жүйелі әрі тұрақты азаматтық заңнама қалыптастыру, – деп түйіндеді ол.

Тағы оқи отырыңыз: Жаңа Азаматтық кодекс: Азаматтардың мүлкі мен цифрлық құқығы қалай қорғалады