Баспана бағасы: елімізде екінші нарықтағы тұрғын үй арзандады
Елімізде екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы арзандады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, пәтерлердің құны 0,3 пайызға төмендеген. Ал баспаналарды жалға алу бір айда 1,4 процентке түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елде жаңа үйлердің бағасы керісінше қымбаттап барады. Соңғы бір айда олардың құны 0,7 пайызға өсіп, бір шаршы метріне 521 мың 600 теңгеге жеткен. Жылдық өсім бойынша бастапқы нарықтағы ең жоғары көрсеткіш Павлодар қаласында тіркелген. Қазір мұнда баспананың бір шаршы метрі 423 мың теңгеге барады. Ал Алматыда 633 мың теңгеден асады. Шымкентте өсім 11 процентке жуықтаған. Астанада жаңа пәтерлер шаршы метріне 596 мың теңгеден сатылып жатыр. Бұл былтырға қарағанда 7,3 пайызға жоғары.
Қайталама нарықта да аздаған өсім бар. Мұнда баға бір жылда 6,3 процентке шарықтаған. Ел бойынша екінші нарықтағы орташа баға шаршы метріне 541,8 мың теңгеге жеткен. Ең жоғарғы көрсеткіш Ақтөбеде тіркелген. Кейінгі кезекте Павлодар, Атырау, Алматы тұр. Ал Астанада өсім небәрі 2,2 пайызға артқан. Дегенмен кейбір өңірлерде кері динамика байқалады. Мысалы Өскеменде тұрғын үй құны бір жылда 3,4 процентке, ал Қарағандыда 0,8 пайызға төмендеген.
Жылдық есеп бойынша пәтерлерді жалға алу да қымбаттапты. Бүгінде бір шаршы метр үшін төленетін орташа баға 4,5 мың теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,4 процентке жоғары. Бұл ретте Ақтөбе қаласы көш бастап тұр. Екінші орынға Семей, кейін Көкшетау, Астана, Шымкент орналасқан. Ал оңтүстік астанада 2,2 пайыз өсім байқалады.