Жастарға жалдамалы баспана алуға қандай құжаттар керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй беру ережелері туралы баспасөз мәжілісі өтті.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет жоба ережелерін таныстырды.

«Ережеге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар өтініштерді қабылдауды бастау туралы хабарлағаннан кейін үміткерлерге қажетті құжаттарды тапсыру керек», - деді Мадияр Қожахмет баспасөз мәжілісі барысында.

Қажетті құжаттар: өтініш; жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;  білімі туралы құжаттың көшірмесі; неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болған жағдайда); балалардың тууы туралы куәліктерінің көшірмесі (бар болған жағдайда); өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама; жұмыс орнынан анықтама; өтініш берушінің банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы мен ай сайынғы қозғалысы туралы үзінді; өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса).
 
«Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган олардың толықтығын және сәйкестігін тексереді. Және балдарға сәйкес санақ жүргізіп, тізімін белгілейді. Бұл тізімде балдарды есептеу кезінде өтініш берушінің барлық жағдайы ескеріледі. Тізім белгіленгеннен кейін егер де балдар тең жағдайда болса, онда өтінішті бірінші тапсырған жас адамға немесе жас отбасыға басымдық беріледі. Сонымен қатар, қазіргі негізгі талаптардың бірі – өтініш беруші жанұясының немесе өзінің табыс көзі 40 айлық есептік көрсеткіштен төмен болмауы керек. Бұл жуықтап алғанда 110 мың теңгенің көлемін құрайды. Яғни, жастардың 5 жылдың ішінде ақша жинауға мүмкіндігі болуы керек. Себебі бұл жоба тұрғын үй бағдарламаларына алғашқы жарна жинауға мүмкіндік беруді көздейді. 5 жылдың ішінде жас отбасы немесе жас адамдар өз үйіне көшіп, бұл үйлер әрі қарай басқа да қажет ететін жастарға берілуі тиіс», - деді Мадияр Қожахмет.

Бұған дейін Мадияр Қожахмет жастарға жалдамалы тұрғын үй қалай берілетінін айтып берген еді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы