Башқұртстанда өтетін Қазақстан–Ресей форумында не талқыланбақ?
Бұл туралы Қазақстан қоғамдық даму институты сарапшысы Дамир Белгібаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресей мен Қазақстанның XX өңіраралық ынтымақтастық форумы Башқұртстан Республикасының Уфа қаласында 26-27 қарашада өтеді.
Қазақстанның экономикалық және стратегиялық ең басты серіктесі Ресей екені барлығымызға белгілі. Осы орайда, форум болашақта қандай бірлескен жобалар атқарылуы мүмкін деген маңызды сұрақ төңірегінде өтеді. Екі елдің үнемі көтеріліп келе жатқан мәселелері талқыланады. Ол – экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыс. Сонымен қатар инвестиция мәселесі, - деді сарапшы.
Дамир Белгібаев 19 жыл бойы өтіп келе жатқан өңіраралық ынтымақтастық форумында күн тәртібіне үлкен мәселелер шығарылып, келер жылдары өз шешімін тапқанын атады. Осы жолы да Уфа қаласына жалпы саны 3500-ге жуық құрамында ірілі-ұсақты бизнес, азаматтық орта, мемлекеттік орган өкілдері бар делегаттар тобы барады.
Өңіраралық ынтымақтастық форум 20 жылдың ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор үлес қосты және оның маңыздылығы мен тиімділігі зор. Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық, инвестиция саласындағы және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығы жылдан жылға артып келеді. Болашақта да арта бермек. Өйткені екі жақтың тауар айналымы қазір 30 млрд доллардан асып кетті. Ол – өз алдына үлкен рекордтық көрсеткіш, - деді ол.
Сарапшы Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 млрд доллардан асқанын айтады. Сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін, шетелде үлесі бар 40 мыңнан астам ірілі-ұсақты кәсіпорындардың жартысына жуығы Ресей компаниялары.
Форумда Башқұртстанмен де өзара қарым-қатынас мәселесі талқыланбақ. Уфа жерінде өтетіндіктен, сол өңірдің басшысы да Қазақстанмен стратегиялық қарым-қатынас орнатуға тырысады. Бұл екі елдің арасында да өз алдына бөлек стратегиялық қарым-қатынас орнайды деген сөз. Бүгінде Башқұртстанмен тауар айналымы 500 млн-ға жақындап қалған және болашақта да арта береді. Өйткені қазір Қазақстан – Орта Азияда экономикасы ең қарқынды дамып келе жатқан мемлекет, - деді Белгібаев.
Сондықтан сарапшы форумның басты мақсаты Ресей мемлекетіндегі автономияларға бауырлас әрі экономикасы қарқынды дамып келе жатқан халықпен тікелей стратегиялық қарым-қатынас орнату екенін айтады. Форумда мәдени сала да қамтылатын болады.