Бәсекелестікті дамыту: 4 кодекс пен 6 заңға өзгеріс енгізіледі – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша 4 кодекс пен 6 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтты.

Үкімет басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша Заң жобасы әзірленді, ол бойынша 4 кодекс пен 6 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Бұл заң жобасында бәсекелестікті дамытудың базалық экономика салаларында, тауар нарықтарының, атап айтқанда, байланыс, теміржол жүк және жолаушылар тасымалы, әуежай қызметтері, агроөнеркәсіп кешені, көмір, фармацевтика, құрылыс және тағы да басқа нарықтарының жұмыс істеуінде бәсекелі ортаны кеңейтуге бағытталған жаңа тәсілдері көзделеді, - деді ол.

Осыған байланысты Мамин бірнеше мәселеге назар аудару қажеттігін айтты.

Бірінші, бәсекелестікті дамыту – биржалық сауда құралдарын дамыту және негізгі инфрақұрылымдық қуаттарға қол жеткізу шарттарын кеңейту арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Нарық субъектілерінің осы қуаттарға қол жеткізуі қаншалықты арзан, әрі жеңіл болса, соңғы тұтынушы үшін баға да соншалықты төмен болмақ, - деп атап өтті Премьер-министр.

Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі биржа арқылы жұмыс істемейтін субъектілердің шектеулі ресурстарына қол жеткізу шарттарын әзірлеу қажет.

Екінші, бүгінгі күні бірыңғай операторлар құру жолымен нарық субъектілеріне айрықша құқық бекітіп беру практикасы қалыптасқан. Бұл бәсекені шектейді. Мемлекет басшысының қандай да бір айрықша құқық берілген кәсіпкерлік субъектілерін құруға мораторий енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде агенттік әртүрлі салалардағы мемлекеттік және жеке операторлардың қызметін реттеу нормаларын қайта қарауы қажет, - деп түсіндірді Мамин.

Сонымен қатар үшіншісі, ұсынылған заң жобасы жаңа тәсілдерді іске асыруды қамтиды және бәсекенің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік және экономикалық шектеулерді жоюға бағытталған.

Заң жобасында ұсынылатын шараларды іске асыру таяудағы перспективада мемлекеттің ел экономикасына қатысу үлесін 14%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан ұсынылып отырған тәсілдерді мақұлдап, осы заң жобасы үшін дауыс беруді сұраймын, - деді Асқар Мамин.

Үкімет мүшелері бір ауыздан дауып берді. Асқар Мамин Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Заң жобасын Парламентте енгізуді қамтамсыз етуді тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы