Бәсекеге қабілетті жастарды қалай дайындаймыз?
Еліміздегі моноқалалардың мәселелері бір-біріне ұқсас келеді. Бір саланың өндірісі төңірегінде шоғырланғандықтан, өзге салаларда кәсіби мамандардың тапшылығы сезіледі. Сондай өңірлердің бірі — Жаңаөзен қаласы. Білікті кадрларды көбейтіп, адами капиталдың дамуына ықпал ету мақсатында ашылған «Жарқын Болашақ» бағдарламасы осы өңірдегі жастарды еліміздің алдыңғы қатарлы колледждер мен мектептерде оқытуға бағытталған. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі «Жарқын Болашақ» бағдарламасының кураторы Назерке Дабылды сөзге тартты.
«Жарқын Болашақ» бағдарламасы Маңғыстау жастарының білім алуына, кәсіптік және әлеуметтік дамуына жол ашатын тың жоба ретінде қалыптасып келеді. Бағдарламаға Жаңаөзен қаласы, Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу және Мұнайлы аудандарының мектептерінде оқитын жасөспірімдер қатыса алады.
Бағдарлама жастардың ірі қалаларда білім алып, кәсіби ортаға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың әлеуетін дамытуға ықпал етуді мақсат етеді. Жастарға Қазақстанның 11 өңіріндегі 65 білім беру ұйымы, яғни Астана, Қарағанды, Тараз, Алматы, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Екібастұз, Өскемен, Семейде орналасқан оқу орындары ұсынылады. Біз жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына жағдай жасау арқылы Қазақстанның болашақ білікті мамандарын тәрбиелеуді көздейміз, - дейді бағдарлама кураторы Назерке Дабыл.
Оның айтуынша, алыс аймақтағы жастар үлкен қала өміріне бірден бейімделіп кете алмайды. Олардың көбі жаңа ортада өздерін сенімді сезінбеуі мүмкін. Мысалы, кейбір студенттер тілдерді жеткілікті деңгейде меңгермегендіктен, әлеуметтік және академиялық ортаға еркін ене алмай жатады. Бағдарлама оларға орыс және ағылшын тілін меңгеруде көмек беріп, психологиялық және әлеуметтік бейімделу тренингтері арқылы қолдау көрсетеді.
Біз жастардың өзін сенімді сезініп, толыққанды тұлға ретінде дамуына жағдай жасағымыз келеді, - дейді бағдарлама кураторы.
Бағдарлама шеңберінде жастарға түрлі мәдени және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Әртүрлі мәдениетпен танысу мақсатында студенттер музейлерге экскурсияға барып, театрға барады, концерттер мен көрмелерді тамашалайды. Бағдарлама кураторы атап өткендей, мұндай мәдени іс-шаралар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, еліміздің бай мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік береді.
Осылайша біздің студенттер жаңа ортаға тез бейімделіп, көпшілік алдында ашыла түседі, жаңа қызығушылықтары пайда болады, - дейді Назерке Дабыл.
Сонымен қатар «Жарқын Болашақ» бағдарламасы еңбек нарығында сұранысқа ие болатын қосымша дағдыларды меңгеруге жағдай жасайды. Студенттер SMM, видеография, аспаз сияқты кәсіби курстарға тегін қатыса алады.
Колледж түлектері жинаған білімін, машықтары мен дағдыларын кәсіби қызметте қолданып, алдағы уақытта кәдеге жарату үшін жағдай жасадық. Еліміздің 13 өңіріндегі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен ынтымақтастық жөнінде құжат – меморандумға қол қойылды. Осы меморандум аясында студенттер кәсіби тренингтерге, шеберлік сабақтарына қатысып, өздеріне қажет және қызықты жаңа білім мен машықтарды меңгере алады. Бұл жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттігін арттырып, болашақта табысқа жетуіне де негіз болмақ, - дейді куратор.
Бағдарламаның нәтижелігі оның түлектерінің жетістіктерімен өлшенері анық. Осы күнге дейін «Жарқын Болашақ» бағдарламасының аясында 118 түлек оқуын аяқтап, олардың 112-сі жоғары оқу орындарына түскен. Олардың қатарында Назарбаев университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және тағы басқа беделді оқу ордалары бар. Бағдарлама өкілдері жастардың табысты білім алуына жағдай жасап қана қоймай, олардың келешекте тұрақты жұмысқа орналасуына қолдау көрсетеді.
Бағдарлама түлектерді жұмысқа орналастыруға көп көңіл бөледі. Кураторлар түлектерге еңбек жолында қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін түсіндіріп, жұмысқа орналасуға қажет негізгі машықтарды меңгеруге көмектеседі. Түлектердің көбісі оқуын жалғастыруға ниет білдіргеннен кейін кәсіби бағдар беруші қызметіне кірісіп кеттім. Егер түлектер жұмысқа орналасқысы келсе, алдын ала өндірістік орындардан тәжірибеден өте алады. Меморандум аясында өз еркімен қосымша курстарды меңгеруге мүмкіндік бар. Осылайша жастар өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, болашақта Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік дамуына өз үлесін қосатынына сенімдімін, - деп ойын айтты Назерке.
Оның сөзінше, жоба тек білім берумен ғана шектелмей, жастардың жаңа әлеуметтік ортаға сәтті бейімделуіне, олардың өзін-өзі дамытуына үлкен мүмкіндік ашады.
Бағдарлама аясында көптеген жас өздерін жаңа қырынан танып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуге талпына бастағанына куә болдық. Біздің мақсатымыз – жастардың өз күшіне сеніп, жаңа мүмкіндіктерге ашық болуына жағдай жасау. Біз әр студенттің болашағы жарқын болса дейміз, - деп сөзін аяқтады бағдарлама кураторы.