Бас штаб бастығы Стамбұлдағы өнеркәсіп көрмесіне барды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштердің Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектановтың басшылығымен ел қорғаныс ведомствосының делегациясы Стамбұлдағы «IDEF-2021» XV Қорғаныс өнеркәсібінің халықаралық көрмесіне қатысты.
COVID-19 пандемиясына қарамастан, көрмеде түрік қорғаныс өнеркәсіп кешенінің де, басқа елдердің де көптеген кәсіпорны болды. Оның ішінде, қазақстандық қорғаныс өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары да өнімдерін көрсетті.
Көрмені аралау барысында Түркия ұлттық қорғаныс министрі армия генералы Хулуси Акар, ұлттық қорғаныс министрінің орынбасары Мұхсин Дере, сондай-ақ Түркия Қарулы Күштері Бас штабының бастығы армия генералы Яшар Гюлермен кездесті.
Кездесу барысында тараптар әскери-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуде екіжақты мүдделілік танытты. Қазақстан мен Түркия қорғаныс ведомствосы арасында өзара қарым-қатынас, сондай-ақ әскери және әскери-техникалық шеңбердегі ынтымақтастықтың жоғары деңгейі аталып өтті.
Қазақстандық делегация көрмеде Түркияның басты өндірушілері ұсынған өнімдермен, қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа және жаңартылған үлгілерімен танысты. Кейбір үлгі, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары, атыс қару-жарағы, роботтық техникалық кешендер, дрондарға қарсы күрес құрылғылары қазақстандық делегацияның қызығушылығын тудырды. Тараптар оларды әрі қарай зерделеу туралы келісімге келді.