Бас санитар дәрігер: Қазанда 700 мыңдай адам ЖРВИ жұқтырған

Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың кезекті маусымы басталды.

Жыл сайын әлемде 6,5 млн-ға жуық адам тұмаумен, ал ЖРВИ-мен – 1 млрд-қа дейін адам ауырады. Республикада жыл сайын тұмау вирусы қараша айынан басталып сәуір айының ортасына дейін жалғасады. Өткен эпидемиялық маусымда республикада ЖРВИ-дің 4 млн 844 мың жағдайы және тұмаудың 3 324 жағдайы тіркелді. Алдағы эпидемиялық маусымда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша вирустың үш штамы – A (H1N1), A (H3N2) және B өзекті болады. Олар 2023-2024 эпидемиялық маусымға арналған вакцинаның құрамына енгізілген, - деп атап өтті бас санитар дәрігер.

Сонымен қатар ол қазан айында 700 мыңға жуық қазақстандық ЖРВИ жұқтырғанына тоқталды.

Биыл қазан айында республикада ЖРВИ-дің 638 208 жағдайы тіркелді. ЖРВИ-мен ауырған адамдардың 66%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Былтырғы осындай кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 27%-ға төмен. Ал 23-29 қазаны аралығында республикада ЖРВИ-дің 119 792 жағдайы тіркелді. Өткен аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 25,8%-ға төмендеді, - деді Айжан Есмағамбетова.

Белгілі болғандай, министрлік тұмау мен басқа да тұмауға жатпайтын вирустардың айналымына мониторинг жүргізіп отырады. Маусым басталғаннан бері тұмауға 2543 үлгі зерттелген. Тұмау вирусы анықталмапты. Оң нәтижелердің негізгі үлесін риновирустар, бокавирустар, РС вирустары, аденовирустар, парагрипп құрайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы