Маска тағу режимі әлі де сақталады – бас санитар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында мәлімдеді.

Халық үшін қоғамдық орындарда, халықтың келуіне, қызмет көрсетуіне, демалуына арналған үй-жайларда маска тағу жөніндегі талап сақталады. Карантиндік шараларды төмендетудің бірінші кезеңінде ойын-сауық, спорттық, отбасылық, салтанатты және басқа да іс-шараларды, оның ішінде үйде өткізілетін түрлі шараларды ұйымдастыруға тыйым салу әлі де сақталуда, - деді Есмағамбетова.

Ол халық арасында карантиндік шаралар жеңілдейтін болса, онда барлық нысанның қызметіне және барлық ойын-сауық шарасын өткізуге рұқсат деген қате пікір барын айтып өтті.

Кеше комиссия отырысында халықтан көптеген сұрақ келіп түсті. Егер біз карантиндік шараларды азайтатын болсақ, онда барлық нысанның қызметіне және барлық ойын-сауық шарасын өткізуге рұқсат береміз деген қате пікір бар. Тағы ескертемін, инфекцияның таралуы тұрғысынан өте қауіпті саналатын, адам көп шоғырланатын жаппай іс-шараларды өткізуге тыйым салынады, - деді ол.

Бас санитар барлар, түнгі және ойын клубтары, караоке, тамақ корттары, кинотеатрлар және балалар мен ересектерге арналған барлық ойын-сауық орнының жұмысына да тыйым барын айтты.

Діни, мәдениет нысандарының, мұражайлардың қызметіне, конференциялар, көрмелер мен форумдар өткізуге, бассейндердің, қалалық және қоғамдық жағажайлардың, ашық аквапарктердің жұмысына дүйсенбіден бастап тыйым салынады. Қала маңындағы жолаушылар пойыздарының қозғалысына тыйым салу, яғни, құрамдарда және қалааралық автобустар мен шағын автобустарда жалпы вагондарды қалыптастыру мәселесі ұсынылған болатын. Бұл ұсынысты мемлекеттік комиссия қолдады, сондықтан бірінші кезеңде тыйым сақталады, - деді ол.
Бұған дейін ол Қазақстанда COVID-19 көрсеткішінің оң динамикасы байқалатынын мәлімдеген еді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы