«Бас редакторлар клубының» басшысы сайланды

Бүгін «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің есеп беру-сайлау конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Бас редакторлар Клубы» – 2007 жылы құрылған және құрамына Қазақстанның 250-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары мен жетекшілері кіретін ерікті қоғамдық бірлестік. Бас редакторлар Клубының негізгі мақсаты – мемлекетте шығармашылық атмосферасын нығайту, бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді бәсекелестікті нығайту, қоғамда ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту. 

Конференция барысында Клубтың құрылған күнінен бастап атқарған жұмысына шолу жасалып, есепті кезеңде ұйымдастырған іс-шаралары туралы белгілі журналист, медиаменеджер, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай баяндады. Басқосуға қатысқан әріптестердің сұрақтарына жауап қайтарып, клуб мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Есеп беру-сайлау конференциясы соңында қоғамдық бірлестіктің жаңа құрамдағы басқарма мүшелері мен жаңа атқарушы директоры сайланды. Бас редакторлар клубының президенті болып Бибігүл Жексенбай қайтадан сайланып,  клубтың атқарушы директоры  болып Халықаралық Телевидение және радио академиясының академигі, белгілі журналист Махат Садықтың кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты. 

«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің жаңа құрамдағы басқарма мүшелері – вице президенттері:

  1. Мұратбек Тоқтағазин - Республикалық  «Әділет.Рухани жаңғыру»  газетінің бас редакторы, профессор;
  2. Ысқақ Егембердиев -  «Айқын-Литер» ЖШС директоры, Phd доктор ;
  3. Қамбар Ахметов – журналист, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары;
  4. Марат Башимов – қоғам қайраткері, «Человек и закон»  газетінің бас редакторы;
  5. Доған Йылдыз – журналист, «kazaknews.kz» және «kazakistan.kz» ақпараттық агенттіктерінің жетекшісі.

Конференция жұмысы барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Нұрлыбек Жеңісбекұлы  сөз сөйлеп, ақпараттық кеңістікте әріптестікпен жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы