Бас редакторлар клубы журналистерге үндеу жолдады
Қазір әлем бұрын-соңды болмаған үлкен өзгерістерді бастан кешіруде. Жаһанда геосаяси ахуал шиеленісіп, турбуленттік кезеңнен қалай шығамыз деген мәселе барша елді алаңдатуда, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Осылай деп Бас редакторлар клубының жетекшісі Бибігүл Жексенбай журналистерге үндеу жасады.
Алысқа бармай-ақ көрші елдердегі күрделі жағдай көпке ой салмай қоймайды. Оның үстіне, қаңтар оқиғасынан бергі ахуал да қауіп бұлтының толық сейілмегенін көрсетуде. Тәуелсіздіктің тұрақтылығы көптеген мәселеге басқаша қарауды талап етеді.Осындай сыртқы әрі ішкі жағдайлар халық көңіліне алаң кіргізген сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына кезекті жолдауы ел тұрғындарын елең еткізді. Ертеңгі күнге сенімді күшейтіп, болашақтың көкжиектерін көкейге қондырған бағдарламалық құжатқа татитын Жолдауда көптен бері халықтың ойында жүрген өткір де өзекті мәселелер қамтылған, - деді ол.
Ол Жолдауда әлеуметтік салада бұқараның басым бөлігінің проблемасын нақты шешетін қадамдар хақында баяндалды. Қоғам тарапынан айтылып және де жиі талқыланып жүрген сұрақтарға да нақты жауаптар берілгенін айтты.
Мәселен, ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді.
Бұған қоса, Біріккен Араб Әмірліктерінде дүниеге келген әрбір баланың атына есеп-шоты ашылып, шикізаттан түскен қаржының белгілі бір бөлігі аударылып тұратыны туралы аңыз іспетті әңгімені естімеген қазақстандық жоқ болар. Елімізде де сондай игілікті қадам жасалады деп отыз жылда ойлаудың өзі мүмкін еместей көрінетін.
Президент болса, балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты ерекше бағдарлама жүзеге асырылатынын атап өтті, - дейді Бибігүл Жексенбай.
Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылмақ.
18 жасқа толғанға дейін жинақталған түсімдердіне жастар кейін баспана алып, біліміне жұмсай алады. Бұл Қазақстан байлығының шын мәніндегі иесі халық екенін, болашағымыз - жастар екенін көрсететін үлкен оқиға болды. Әйел-аналардың зейнетке шығу жасын төмендету жайы да қоғамда жиі көтеріліп, наразалықтарға себеп болып келе жатқан мәселелердің бірі болатын. Олардың зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру үлкен қолдауға ие болды. Бұл қадам мемлекет басшысының халықты алаңдататын маңызды мәселелерге құлақ асатынының бір дәлелі десе болады, - деді жетекші.
Сондай-ақ әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмей жатқан жерді кері қайтарып алу жөніндегі комиссия шешімі кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түседі.
Мемлекет басшысы келер жылы ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Алдағы екі жылда жырақтағы ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Мемлекет осылайша, бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік туғызбақ. Бұның өзі Президенттің орталықтардағы ғана емес, елдің әр қиырындағы проблемаларды жақсы білетінін, оларды шешуге тапсырма бере отырып, шалғайдағы елді мекен тұрғындарының да игілікке бөленуіне жағдай жасап отырғанын нақты көрсетеді, - деді Бас редакторлар клубының жетекшісі.
Сонымен қатар, жолдауда тіпті мектеп формасына қатысты әңгіменің айтылуы Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары жиі көтеріп жүрген, қоғам тұрақты айтып келе жатқан әрбір өткір мәселені жауапсыз қалдырмауға деген мақсаты байқалады.
Жасыратыны жоқ, біз көбінесе Жолдауларды пафосқа толы әңгімелер, бітпейтін стратегиялар мен алып уәделер мен жоба - жоспараларды естіп үйреніп қалып едік. Ал мына жолдау Президенттің тіпті әрбір баланың тағдырына қатты алаңдайтынын ашық көрсетті. Сондай-ақ мәселенің ұсақ-түйек болып бөлінбейтінін, мемлекет барлығын шешуі керек екенін нақты ұқтырды, - дейді спикер.
Бибігүл Жексенбай БАҚ өкілдеріне:
Құрметті әріптестер, бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдары әдеттегідей құр насихат ретінде жолдаудың маңызын жоғалтпай, керісінше мәнін ашып, зерделеп, халыққа қарапайым тілде нақты түсіндіруге көңіл бөлсе жақсы болар еді. Жолдаудың әр жолының астарында не жатқанын, нақты қандай мәселелерді шешу меңзеліп тұрғанын және оған қандай органдар жауапты екенін зерттеп, зерделей отырып, ақпаратты заманауи тәсілдерді қолдана отырып бүгінгі контент тұтынушылардың психологиясына бейімдеп беру керек. Сонымен қатар, әрбір БАҚ қоғамдық бақылау миссиясына жауапты болуы керек. Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыру бойынша мониторинг жасап, бақылап, қадағалап отыруы тиіс, - дейді редакторлар басшысы.
Оның атап өтуіше, журналистер қауымы ел ертеңіне деген жанашырлық пен жауапкершілікті әрқашан айқын сезінуі тиіс.
Жылдар бойғы құмға сіңген құр насихат жұмысынан арылып, жолдауды бірлесе іске асыруға қатысты журналистерді де, халықты да шақырып, жұмылдыра алу керек деп ойлаймыз. Осы тұрғыда, Бас редакторлар клубы еліміздің барлық БАҚ-тарымен бірігіп жұмыс істеуге дайын. Жалған ақпараттың дәуірі келе жатыр. Контент жасаушы әр адам ақпарт құралдары арқылы манипуляция жасап, қате ақпараттарды қаны жерге тамбайтын «тауарға» айналдыратынын талай көріп келеміз. Қазір жаңа медиа мен әлеуметтік желілер қарыштап дамып, таралып, айқайға аттан қосып, жел сөздер көбейіп тұрған кезең. Сондықтан халыққа түсінікті ой айтып, шындықты дұрыс жеткізу арқылы ақпараттық сауаттылығын арттыру да біздің негізгі міндетіміз деп ойлаймыз. Әрине, осындай тарихи сәтте жолдан қосылған блогерлер немесе өзге ақпарат дайындаушылар емес, нағыз кәсіби журналистер жауапкершілік жүгін сезіне отырып бұл іске белсенді түрде атсалысуы тиіс, - дейді Жексенбайқызы.