Бас қалада ASTANA TRIATHLON half атты ірі турнир өтеді
Астананың Орталық саябағында 13 шілде күні ауқымды спорттық шара – ASTANA TRIATHLON half турнирі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, триатлонға қатысушылар үш кезеңнен тұратын қашықтықты еңсеруі тиіс: жүзу – 1,9 шақырым, веложарыс – 90 шақырым және жүгіру – 21,1 шақырым.
Астана қаласының триатлон федерациясы елорда әкімдігінің қолдауымен ASTANA TRIATHLON half атты ауқымды спорттық шараны ұйымдастырып отыр. Бұл – елордалықтар мен қала қонақтарына арналған, сондай-ақ Қазақстанның өзге өңірлері мен жақын шетелдерден қатысушылар тартылатын жартылай темір адам қашықтығындағы жарыс. Қатысушылардың қауіпсіздігі үшін транзиттік аймақтар мен жедел жәрдем көліктерінің кезекшілігі қарастырылған, – деді Астана триатлон федерациясының бас хатшысы Жанат Қожахметов.
Триатлонды танымал ету және дамыту мақсатында жарыс бағдарламасына Age Group санатындағы спортшылар арасындағы старттар да енгізілген. Олар HALF (половинка) қашықтығында бақ сынайды: 1,9 км жүзу, 90 км велоэтап және 21,1 км жүгіру. Age Group санатына кіретін ерлер мен әйелдер келесі жас топтары бойынша сынға түседі: 18-29 жас, 30-39 жас, 40-49 жас, 50-59 жас және 60 жастан жоғары. Сонымен қатар ерлер, әйелдер және аралас құрамдағы эстафеталық командалар да жарыс жолына шығады.
Жас ерекшелігі мен жынысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен дипломдар табысталады.