Бас Прокурор ШЫҰ мүше мемлекеттердің бас прокурорларының кезекті отырысына қатысты

Бүгін Бішкек қаласында Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің бас прокурорларының 22-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырысқа Беларусь, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан прокуратураларының басшылары қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар қылмысқа қарсы күрестің негізгі аспектілері мен басымдықтарын талқылап, жұмыс тәжірибесімен бөлісті және қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды дамыту, жеке деректерді қорғау және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жағдайында халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру үшін қажетті жағдайлар жасауға келісті.

Қазақстанның жоғары қадағалау органының басшысы ең өзекті қылмыс түрлеріне қарсы іс-қимыл саласында және инвестицияларды тарту мен қорғауға байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесімен бөлісті.

 

Берік Асылов Қазақстан Президенті ШЫҰ бастамасының «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік» аясында қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударғанын атап өтті және осы ұйымның мүше мемлекеттерінің прокуратураларын оны іске асыру бойынша тиісті шараларды қабылдауға шақырды.

Кездесу қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің прокуратура органдарының одан әрі ынтымақтастығының негізгі бағыттарын бекіткен хаттамаға қол қойылды.

Сонымен қатар, Қазақстанның Бас Прокуроры Қытай, Қырғызстан және Ресейдің бас прокурорларымен екіжақты кездесулер өткізіп, азаматтардың құқықтарын қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы бірлескен іс-шараларды талқылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы