Бас прокуратурада заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы мәселе талқыланды

Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетімен бірлесіп, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңын іске асыру мәселесі бойынша дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға басқа министрліктер мен ведомстволардың да өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Мәжіліс комитетінің төрайымы Снежанна Имашева Заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қабылданғанын еске салды. Оның негізгі мақсаты - әлеуметтік әділеттілік пен елдің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету.

Парламент өкілдері Активтерді қайтару комитеті төрағасының (Н. Сүйіндіков), Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының баяндамаларын тыңдады.

Нұрдәулет Сүйіндіков Заңның жаңа тетіктерінің қалай қолданылып жатқаны және азаматтық тәркілеу құралдарын пайдалана отырып активтерді қайтару тәжірибесі туралы баяндады.

Депутаттарға бүгінгі таңдағы жұмыс нәтижелері туралы, негізгі халықаралық ұйымдармен және юрисдикцияларымен қол жеткізілген келісімдер жөнінде айтылды.

Бахытбек Тәшенев қайтарылған активтердің қалай қолданылып жатқаны туралы хабарлады.

Депутат Марат Башимов Мемлекет басшысының тапсырмасын және қоғамның талабын ескере отырып, тақырыптың өзектілігіне назар аударды.

Мәжіліс депутаттары құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың қысқа мерзімде елеулі нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.

Депутаттар прокурорлардың осы бағыттағы жұмысын күшейту мақсатында активтерді қайтару заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады.

Дөңгелек үстел отырысын қорытындылай келе төрағалық етуші Снежанна Имашева атқарылып жатқан жұмыстардың ел экономикасы үшін де, Қазақстан азаматтары үшін де маңыздылығын атап өтті.

Депутаттар қайтару тетіктерін жетілдіру және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру үшін қажетті заңнамалық түзетулерді қарауға дайын екендіктерін білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Алдыңғы жаңалық
Алматыда монша өртенді
Өзгелердің жаңалығы