Бас прокуратурада азаптауларға қарсы іс-қимыл туралы мәселелер қаралды

31 наурызда Бас прокуратура үкіметтік емес ұйымдар, адвокаттардың, Жоғарғы Сот, әділет, құқық қорғау және арнайы органдар өкілдерінің, сондай-ақ ғылыми қоғамдастықтың қатысуымен «Азаптаулар туралы істерді тергеудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шарада Бас Прокурордың орынбасары Болат Дембаев өткен жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «қаңтар оқиғалары» кезеңінде азаптаулар туралы 11 қылмыстық істің тергелгенін айтты.

Тергеудің нәтижелері бойынша 84 азаматқа қатысты азаптау жасаған күштік органдардың 35 қызметкері қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

9 адам нақты бас бостандығынан айыруға сотталды, басқалары бойынша сот талқылауы жүріп жатыр.

«Қаңтар оқиғалары» кезінде Алматы қаласы мен Алматы облысында бейнебақылау жазбаларын сақтау серверлерін мақсатты түрде жоюлуы құқық бұзушылықтарды анықтаудағы маңызды проблемалардың бірі болды.

Арнайы прокурорлар бұл жазбаларды қалпына келтіре алды. Кейіннен оларды азаптауларды қолданудың негізгі дәлелі ретінде пайдалана білді.

Талқылау барысында құқық қорғау органдарына жеткізілетін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қозғалды.

Қылмыстық қудалау органдарында азаптауларды қолдануға жол бермеу мақсатында барлық жерлерде бейнебақылау орнатылған.

Алайда, прокуратураның тексеруімен қылмыстық қудалау органдарының бейнебақылау жүйелерімен қамтылмаған 6 159 көзге көрінбейтін учаскелер мен үй-жайлар анықталды. 937 камера жұмыс істемейтін болып шықты.

Қазір бұл кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Сондай-ақ бұл бағытта басшылар мен қызметкерлердің азаптаулардың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттемелері және оларға жол бергені үшін жауапкершілікті нақты реттеу болмаған.

Қазіргі кезде тиісті нұсқаулық қабылданып, сеніп тапсырылған бөлімшеде азаптауларға жол бергені үшін басшылардың тіпті қызметтен босатуға дейін жауапкершілігі көзделген шектеулер белгіленді.

Шара соңында Бас Прокурордың орынбасары азаптауларға қарсы іс-қимыл, соның ішінде олардың алдын алу, оларға «мүлдем төзбеушілікті» дамыту бойынша қабылданып жатқан кешенді шаралар туралы айтып берді.

Өз кезегінде адвокаттар қауымдастығы қылмыстардың іздерін тиімді бекіту үшін, азаптаулар туралы істер бойынша прокуратура органдарының жүйесінде криминалистикалық бөлімше құру туралы ұсыныс енгізді.

Жалпы тараптар адам құқықтарын қорғау және азаптауға қарсы іс-қимыл бойынша нәтижелі жұмысқа жалпы ұмтылыстарын білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бас прокуратура
Өзгелердің жаңалығы