Бас прокуратурада әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі талқыланды
Бас прокуратура әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды біріктірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас прокуратура әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылау бойынша семинар өткізді. Семинардың жұмысына мемлекеттік органдардың (ІІМ, МАМ, ХЕӘҚМ, ОАМ, ДМ), қоғамдық ұйымдардың өкілдері және журналистер қатысты. Талқылау барысында, жыл сайын қазақстандық әйелдердің 30 пайызы және балалардың 25 пайызы зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны немесе оған куә болатыны айтылды. Әр жылы полицияға отбасылық зорлық-зомбылық фактілері туралы 100 мыңнан астам арыз келіп түседі.
Бұл ретте, әрбір екінші жағдайда жәбірленушілер қылмыстық іс қозғау туралы арыз жазудан бас тартады. Іс-шараға қатысушылар құқық бұзушыларды агрессиядан тек құқықтық тетіктер арқылы тежеуге болмайды деген пікір білдірді. Әйелдердің қоғамдағы және отбасындағы орны, сондай-ақ жастар арасында отбасылық құндылықтарды дамыту мәселелері бөлек қарастырылды.
Сонымен қатар, алкогольге тәуелділік пен жұмыссыздықты емдеу мәселелері қозғалды. Жасөспірімдер агрессиясының алдын алу, қорлау, жыныстық зорлық-зомбылықтың кәмелетке толмаған құрбандарын оңалту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинардың қорытындысы бойыншаотбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа заңды сәтті жүзеге асыру және жетілдіру үшін мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділерінің өзара іс-қимылын күшейту туралы шешім қабылданды.