Бас прокуратура құқық қорғау органдары қызметкерлерінің Әдеп кодексін әзірледі

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің әдеп кодексін әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы кодекстің мақсаты құқық қорғау органы қызметкерінің жоғары атағын, құқық қорғау қызметінің ерекшеліктерін және оны өткеруге байланысты шектеулерді ескере отырып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтегі және тұрмыстағы мінез-құлқының бірыңғай стандарттарын белгілеу болып табылады, - делінген құжата.

Құқық қорғау қызметінің арнайы әдеп қағидаттарына

1) офицерлік ар-намыс – бұл азаматтық және қызметтік борышқа, қабылданған адамгершілік міндеттемелеріне адалдығынан көрініс табатын құқық қорғау органы қызметкерінің басты ішкі қадір-қасиеті, оның айбындылығы, парасаттылығы мен ар-ожданының тазалығы, лайықты абыройы, игі атағы, жеке басының беделі; 

2) жоғары адамгершілік – өзінің және бағынысты адамдардың ар-намыс ұғымының мәнін түсінуі, әділдікті барынша сезіну, моральдық тазалық пен руханият, кәсіби міндеттерге жоғары дәрежеде қоғамға пайдалы және қажетті міндеттер ретінде саналы түрде  қарау; 

3) жанашырлық – адам және азаматпен мейірімді қарым-қатынас жасау, олардың игілігіне жәрдемдесуге дайын болу, адамдармен қарым-қатынас кезінде біркелкі тұлғалық ұстанымды негізге алу; 

4) өзіндік тәртіп – эмоцияналды жай-күйіне қарамастан, өзін әрекет етуге мәжбүрлеуге қабілеттілігі; 

5) ізгілік - адамгершілік, көмекке келуге дайын болу, зардап шеккен адамдардың дәрменсіздігін ешқашан пайдакүнемдік мақсатта пайдаланбау, әрбір адамның жалпы адамзаттық құқықтарын алаламай тану жатады.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып:

  • Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін мүлтіксіз сақтауға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге және құрметтеуге;
  • заңның кез келген бұзушылықтарымен, оларды кімнің жасағанына қарамастан қарсы күресуге, адам мен азаматтың заңмен қорғалатын құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға уақтылы тиімді шаралар қабылдауға, заңды бұзушылықтарды жоюға және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге қол жеткізуге;
  • өз іс-әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін, азаматтар мен қоғамның мемлекет институттарына сенімін нығайтуға ықпал етуге;
  • адамның және азаматтың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, оларды бұзумен ұштасатын іс-әрекеттерге жол бермеуге, шағымдарға сергек ден қоюға;
  • шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне және өзге де мән-жайларға қарамастан, адамның және азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
  • Қазақстан Республикасының, мемлекеттік биліктің беделін түсіретін, қоғамдық теріс резонанс тудыратын әрекеттердің жасалуына жол бермеуге, олардың абыройына нұқсан келтіруі мүмкін мінез-құлық көрсетпеуге;
  • Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге;
  • мемлекеттік тілге және басқа да тілдерге, Қазақстан халқының салттары мен дәстүрлеріне құрметпен қарауға;
  • жалпы білім беру және мәдени деңгейдің кәсіби біліктілігін үнемі арттыруға, жалпы қабылданған адамгершілік қағидаттары мен нормаларын сақтауға, қоғамның қажеттілігін қанағаттандыруға ұмтылуға, қызметте және тұрмыста жоғары интеллект пен мәдениеттің үлгісі болуға;
  • құқық қорғау органдарының жоғары дайындалған және білікті қызметкері ғана қоғамға пайда әкелуі мүмкін екенін әрдайым есте ұстауға, өзінің іскерлік біліктілігін, кәсіби дайындығын жетілдіруге, жан-жақты дамыған, жоғары білімді болуға ұмтылуға, қызметте озық тәжірибені сауатты пайдалануға;
  • қарапайымдылық танытуға, өнегелі мінез-құлық көрсетуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға, өзінің қызметтік жағдайын асыра көрсетпеуге және пайдаланбауға;
  • құқық қорғау органы қызметкерінің жоғары атағына нұқсан келтіруі мүмкін қатынастардан аулақ болуға;
  • өзіне талапшыл болуға, принципшіл, шыншыл болуға, кәсіби міндеттерін бейтарап және объективті атқаруына ықпал етуі мүмкін қаржылық және іскери өзара қарым-қатынастардан тартынуға;
  • мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік мүлікті лауазымдық міндеттерін орындау үшін нысаналы мақсатта ғана пайдалануға;
  • қызметтік жағдайын мемлекеттік мүдделерге қол жеткізу үшін ғана пайдалануға тиіс.

Құжат сонымен қатар Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін жүзеге асыруына байланысты оларға қойылатын талаптарды анықтайды.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өздерінің қызметтік  іс-әрекеттерінде:

өз функцияларын адал, әділ және бейтарап жүзеге асыруға, мемлекет берген өкілеттіктерді қисынды, қатаң түрде заң шеңберінде пайдалануға, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға қол жеткізуге;

заңдылықтың кез келген бұзушылықтарын, оларға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мен жою және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша заңда көзделген барлық шараларды қабылдауға;

өзінің кәсіби қызметінде жеке басының мүдделерінен мемлекеттік және қызметтік мүдделердің басым екенін тануға;

 сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдауға, оны жасауға жол бермеуге, кімнің жасағанына қарамастан, оның кез келген көріністеріне қарсы тұруға және төзбеуге;

өздеріне белгілі болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы, сондай-ақ оларға қандай да бір адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру мақсатында жүгіну фактілері туралы басшылықтың назарына дереу жеткізуге; 

шешімдерде бейтараптық танытуға, оларға қандай да бір теріс пікірлердің, дұшпандық немесе достық өзара қарым-қатынастардың, ұлт пен діни сенімнің әсер етуіне жол бермеуге;

Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйым салуларды, сондай-ақ қызмет өткеруге байланысты талаптарды мүлтіксіз сақтауға;

мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қабылдауға;

қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты жария етуге жол бермеуге, сондай-ақ басқа адамдар тарапынан осындай фактілердің жолын кесуге;

ізгілік танытуға, қайсар және батыл болуға, адамдардың өмірін құтқаруды талап ететін жағдайда қауіп алдында тоқтамауға; 

әріптестері мен өзге де мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілерінің жолын кесуге;

жұртшылық тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, ол үшін қудалауға жол бермеуге және сын негізді болған жағдайда оны кемшіліктерді жою үшін пайдалануға;

моральдық-психологиялық төзімді, ұстамды болуға, субординацияны сақтауға, әріптестерімен ізеттілік қарым-қатынаста болуға, азаматтар мен лауазымды адамдарға сыпайылық пен зейінділік танытуға;

мемлекеттік билік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерімен өзара қарым-қатынастарда тәуелсіздікті сақтауға, әдептілік пен құрмет, талапшылдық пен табандылық көрсетуге;

нысанды киім-кешекті құрметпен және абыроймен киіп жүруге, оны киіп жүру тәртібін сақтауға, жинақы және ұқыпты болуға, косметиканы, зергерлік бұйымдар мен өзге де әшекейлерді пайдалануда ақылға қонымдылықты сақтауға және өзінің сыртқы келбетімен жалпы қабылданған қызметтік әдеп стандарттарына сәйкес келуге тиіс.

Құқық қорғау органдарында басшы өкілеттіктері берілген қызметкерлерге қойылатын талаптар

Құқық қорғау органдарындағы басшыларға мынадай: 

1) басқарудың тиімділігін шебер үйлестіру, ұжымда салауатты моральдық-психологиялық ахуалды орнату және қолдауға жәрдемдесу, қызметкерлердің адамгершілік мәдениетін қалыптастыру, бағынысты адамдарға қамқорлық жасау, олардың әлеуметтік-құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету; 

2) жұмыстың көлемі мен сипатын айқындау кезінде әділеттілік, бағынысты жұмыскерлердің жеке және іскерлік қасиеттерін, біліктілігі мен жұмыс тәжірибесін ескеру қағидаттарын басшылыққа алу;

3) бағынысты адамдарға қатысты негізсіз наразылықтарға, тәртіптік жауаптылыққа тартуға, жұмыстан шығаруға, қызметте ілгерілеуде заңсыз кедергілер жасауға, көтермелеу, аттестаттаудан өту кезінде кәсіби, іскерлік және жеке қасиеттерін бағалауда әділетсіз көзқарас фактілеріне жол бермеу, дөрекілік, әдепсіздік танытпау және адамдық қадір-қасиетін қорламау;

4) бағынысты адамдарды жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормалармен үйлеспейтін құқыққа қарсы теріс қылықтарды жасауға мәжбүрлемеу;

5) құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ең үздік қызметтік дәстүрлерін: патриоттықты, ерлік пен адал ниеттілікті, парасаттылықты және өзін-өзі құрбан етуді, адамның қажеттігі мен қайғысына көңіл бөлуді, борышқа беріктікті, шеберлік пен кәсібилікті сақтау және арттыру;

6) бағынысты адамдарда жоғары жалпы және кәсіби мәдениеттілікті тәрбиелеу, осы Кодекстің талаптарын мүлтіксіз сақтаудың үлгісі болу;

7) кадрларды туысқандық, жерлестік және жеке өзіне берілгендік белгілері бойынша іріктеу және орналастыру жағдайларын болдырмау, меритократия қағидатын басшылыққа алу;

8) жас мамандардың кәсіби дағдыларды меңгеруіне қолдау және көмек көрсету талаптары қойылады.

Көпшілік алдында сөз сөйлеген кезде кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қойылатын талаптар қандай?

Құқық қорғау органдары қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөзді басшылар немесе осыған уәкілеттік берілген лауазымды адамдар сөйлейді. Қызметкерлер пікірталасты құқық қорғау органдары мен мемлекеттік биліктің беделіне нұқсан келтірместен, сыпайы түрде жүргізуге тиіс, - делінген құжатта.

Қызметкерлер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері бойынша өз пікірін, егер ол:

1) мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмесе;

2) жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса;

3) мемлекеттің, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды адамдарының, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің, жеке және заңды тұлғалардың атына әдепсіз сөздер болса, көпшілік алдында  айтуға тиіс емес.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің осы кодекстің талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылады ма?

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы кодексте көзделген талаптарды орындамағаны немесе бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша жауап беретін болады, - делінген құжатта.

Бас прокуратурада мәлімдегендей, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің осы кодекстің талаптарын білуі және сақтауы олардың міндеті, қызметті өткеру шарты, сондай-ақ олардың моральдық-әдептілік және кәсіптік қасиеттерін бағалау өлшемшарттарының бірі болып табылады және аттестаттауды өткізу, жоғары тұрған лауазымдарға ұсыну үшін кадрлық резервті қалыптастыру кезінде ескеріледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Zakon.kz
Алдыңғы жаңалық
Жол айрығындағы аманат
Өзгелердің жаңалығы