Бас прокуратура: Қазақстандағы орман өрттері 30 млрд теңге шығын келтірді
Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам орман өрті болса, соңғы бес жылда өрт саны 3 мыңға жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас прокуратураның алқа отырысында бейінді министрліктер басшыларының қатысуымен ормандарды қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды, деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі 28 қыркүйек күні.
Бас Прокурор Берік Асыловтың сөзінше, Қазақстанда бүкіл аумақтың 4,7%-ы ғана орман алқаптарымен қамтылған. Табиғи өсімнің төмендігі аясында өрттер мен бақылаусыз ағаш кесу оның одан әрі қысқаруына әкеледі. 5 жыл ішінде жалпы ауданы 610 мың гектар орманда 3 мың орман өрті орын алып, 30 млрд теңгеге жуық шығын келтірілді. Барлығы жыл сайын 600-ден астам жағдай тіркеледі.
Отырыс барысында Абай және Қостанай облыстарында болған ірі өрттерді тексеру және тергеу барысында прокурорлар анықтаған бірқатар түйінді проблемалар айтылды:
- өртті сөндірудің нақты алгоритмдерінің жоқ болуы;
- экология және төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелері арасындағы тиісті өзара іс-қимылдың болмауы;
- өртті ерте анықтау жүйелерінің болмауы;
- техниканың тозығы жеткен жай-күйі;
- орманшылардың өртті жедел сөндіруге дайындығының болмауы.
Осыған байланысты төтенше жағдайларға әкеп соққан себептер мен жағдайларды жою мақсатында Бас прокуратура Үкіметке ұсыныс енгізді.
Орманды заңсыз кесуге қарсы күрес, сондай-ақ орман мекемелерінің оны молайту, оның ішінде Астананың "жасыл белдеуін" кеңейту жөніндегі іс-шараларды сапасыз жүргізуі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бас Прокурор сондай-ақ осы саладағы әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың анықталуының төмендегенін атап өтіп, орман ағаштарын ұрлаудың заңсыз схемаларының жолын кесу жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.