Бас прокуратура: Қаңтар оқиғасы бойынша 3502 қылмыстық іс тергелуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қасіретті қаңтар» оқиғасына байланысты қылмыстық сот ісін жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелері бойынша Бас прокуратура кеңейтілген отырыс өткізді.

Іс-шараға Бас Прокурордың міндетін атқарушы Берік Асылов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Игорь Вранчев, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары қатысты.

Жиын басында сөз алған  Б.Асылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайғылы оқиғаның себеп-салдары жан-жақты тексеріліп жатқанын айтты.

Қазір біз әртүрлі күштердің бейбіт митингті пайдаланғанын нақты білеміз. Ұйымдастырушылар деструктивті және қылмыстық топтарды тартып, қаруландырып, олардың әрекеттерін біріктірген.  Лаңкестік азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықпен, погромдармен және тонаумен қатар жүрді. Олардың мақсаты халықты қорқытып, билікті әлсірету болды, - деді Б. Асылов.

Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаев өз кезегінде  жаппай тәртіпсіздіктер кезінде және одан кейін ұсталған тұлғалардың құқықтарының сақталуын Бас прокуратураның ерекше бақылауда болатынын мәлімдеді.

Бүгінгі таңда азаптау және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 203 қылмыстық іс қозғалса, оның ішінде ең атышулы қылмыстарды арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында ұсталғандарға қатысты заңсыз тергеу әдістерін қолданды деген күдікпен 9 қызметкер анықталып, ұсталған.

С.Шалабаевтың айтуынша, қаңтардағы қайғылы оқиғаның қорытындысы бойынша жедел-тергеу топтары лаңкестік әрекеттер, кісі өлтіру, қару ұрлау және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3502 қылмыстық іс тергеу үстінде.

Оларды жасады деген күдікпен 737 адам уақытша ұстау изоляторында отыр.

Ол сондай-ақ қаңтардағы қайғылы оқиғаны тергеу аясында бұлтартпау шарасын өзгертумен 307 тұлға босатылғанын, оның ішінде 27 кәмелетке толмағандар бар екенін және  екі кәмелетке толмаған балалардың қамауда қалғанын, бұлтартпау шарасын өзгерту туралы материалдар келіп түскенін айтты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы