Бас прокуратура митинг өткізуге келісім берілді деген ақпаратты жоққа шығарды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас прокуратура 1 мамырда 6 қалада митинг өткізуге келісім берілді деген ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады.
Әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Жаңаөзен қалаларының әкімдіктері 1 мамырда Украинадағы әскери іс-қимылдарға қатысты митингілер өткізуге келісім берген деп жалған хабарламалар таратуда.Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, - делінген хабарламада.
Бұл күні әкімдіктер елді мекендердің орталық алаңдарында "Қазақстан халқының бірлігі күнін" мерекелеуге арналған мәдени-бұқаралық іс-шараларды ғана өткізуді жоспарлап отыр.
Бас прокуратура митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңмен реттелетініне назар аударды.
Жиналыстарды, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі көзделген.
Алайда ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органдарға жоғарыда аталған қалаларда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы тиісті хабарламалар бермеген не олар бойынша келісуден бас тартылған, - деп хабарлады қадағалаушы орган.
Ведомстводағылар заңды бұза отырып жүргізілген митингілерді ұйымдастыру және оларға қатысу құқыққа қайшы болып табылатынын және әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша 25 тәулікке қамаққа алуға дейін әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертті.
Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл не түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді, - делінген хабарламада.
Бас прокуратура азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.