Бас прокуратура Дикий Арманның қылмыстық тобының қанша мүшесі жауапқа тартылғанын айтты
Бұл туралы Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаруды ұрлау және сақтау фактісі бойынша 519 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Осы қылмыстар үшін 183 тұлға күдікті деп танылды, 11 адам қамауда, 154 адам сотталды, оның ішінде 27 бас бостандығынан айырылды. Он аңшылық дүкені тоналды, сол жерден 1 672 мылтық ұрланды. Сондай-ақ 1 288 қызметтік қару ұрланған. Осы көлемнің үштен бірі немесе 958 бірлігі табылды. Ал екі мыңнан астамы, оның ішінде гранаталар, автоматтар, мылтықтар, тапаншалар мен граната атқыштары әлі күнге дейін қолдарында, - деп атап өтті Бас прокуратура өкілі.
Сондай-ақ ол қаруды ерікті түрде тапсыруға қатысты тоқталды.
Қаруды ерікті түрде тапсыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Азаматтар барлығы 119 бірлік тапсырды. Бұл қару қылмыстық элементтердің қолында болуы мүмкін. Бұрын хабарланғандай, қылмыстық қудалау органдары Қаңтар оқиғасына қылмыстық топ мүшелерінің қатысуын анықтады. Бұл Жұмагелдиевтің «Қазақстандық» және «Айшуақ-Жантүгел» топтары, олардың қылмыстық әрекеттерінен азаматтар зардап шекті, оның ішінде қайтыс болғандар да бар. Барлығы ұйымдасқан қылмыстық топтың 24 мүшесі тартылуда, - деді Елдос Қилымжанов.