Бас прокуратура Челахтың Тоқаевқа жазған хатына қатысты пікір білдірді

Мәжілістің кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Владислав Челахтың Тоқаевқа жазған хатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұған дейін Владислав Челахтың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Арқанкерген» шекара бекетінде не болғаны жайында айтуға дайын екені туралы хат жазғанын хабарлаған болатынбыз.

Өкінішке қарай, қазір менде Владислав Челахтың бізге жүгінгені туралы ақпарат жоқ. Сол себепті дәл қазір пікір айта алмаймын. Бірақ осылай жүгінген болса, оны пысықтап, тиісті жауапты береміз, - деп айтты Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.

Челах Тоқаевтан тергеу процесін қайта бастап, өзінен «жалғыз куәгер ретінде» жауап алуды сұрайды.

Құрметті президент, көп жыл өтсе де қайғылы оқиға жайлы қайта айтуға дайынмын. Менің бар сұрарым, мені тыңдап, маған мүмкіндік берсеңіздер. Қалай болғанын айтқым келеді және бәрін айтуға дайынмын. Тергеушілерге де бәрін айтуға дайынмын. Оқиғаның қалай болғаны сол күйі ашылмай қалды, - деп жазған Челах Президентке хатында.

Челах хатында шекара бекетіне «шабуыл жасалғаны жайлы» жазады. Ол сот кезінде де осы нұсқаны айтқанымен, сот оның сөзін қарастырмаған.

Естеріңізде болса, Владислав Челах 2012 жылы Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Арқанкерген» бекетінде 15 адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған.

Тергеу қарағандылық мерзімді сарбаз Владислав Челахты кінәлі деп анықтады. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 2013 жылдың наурыз айынан бері Челах Қостанай облысындағы Жітіқара қаласының маңындағы ерекше режимдегі колонияда қамауда.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы