Бас прокуратура Челахтың арызын қарап жатыр
Челахтың арызына қатысты тың ақпарат шықты. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Челахтың арызы бізде қарауда жатыр. Оның қорытындысы бойынша оған жауап береміз. Одан жеке жауап алынбады, - деді Әсет Шындалиев.
2012 жылғы мамыр айында Алматы облысындағы «Арқанкерген» заставасында 14 шекарашы мен бір жергілікті аңшының өлі денесі табылған болатын. Бірнеше күннен кейін қанды қырғынды мойындаған соңғы, 15-ші «Арқанкерген» шекарашысы Владислав Челах ұсталды.
Тергеу мәліметінше, Челах алдымен сарбаздарды атып, кейін казарманы өртеп жіберген. Челах 2012 жылы желтоқсанда ауыр қылмыс жасады деп айыпталып, өмір бойына бас бостандығынан айрылды.
Бұдан бұрын ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, болған жайды түсіндіру үшін куәлік беруге дайын екенін айтқан еді.
Құрметті Президент, көп жыл өтсе де қайғылы оқиға жайлы қайта айтуға дайынмын. Менің бар сұрарым, мені тыңдап, маған мүмкіндік берсеңіздер. Қалай болғанын айтқым келеді және бәрін айтуға дайынмын. Тергеушілерге де бәрін айтуға дайынмын. Оқиғаның қалай болғаны сол күйі ашылмай қалды, - деген еді ол өз хатында.