Бас прокуратура азаптау туралы жалған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады

Масс-медиада ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қозғалған бірқатар қылмыстық істер аясында тергеу органдары азаптау қолданды деген жалған ақпарат тарауда. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ведомствоның хабарлауынша, кейбір тұлғалар ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген заңды тергеу әрекеттерін – жауап алуға қатысу, жауап алу жүргізу, сондай-ақ соттың үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауын қасақана азаптау ретінде көрсетіп, қоғамды адастыруда.

Бас прокуратура Қазақстан заңнамасында «азаптау» ұғымы нақты айқындалғанын еске салды. ҚР ҚК-нің 146-бабына сәйкес, азаптау лауазымды тұлғаның тән немесе психикалық зардапты қасақана келтіруі болып табылады. Бұл норма БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясына және Ыстамбұл хаттамасына толық сәйкес келеді.

Қазіргі таңда прокуратура органдары аталған қылмыстық істер бойынша тергеушілер тарапынан заңсыз әрекеттер немесе азаптау фактілерін тіркеген жоқ. Барлық процессуалдық әрекеттер заң талаптарына сәйкес жүргізілуде.

Сонымен қатар Бас прокуратура көрінеу жалған ақпарат тарату, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғалардың қызметіне араласу үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов Алматы қаласының полициясы тарапынан тергеу және азаптаудың заңсыз әдістері қолданылғаны туралы мәлімдеме жасаған еді. 

Сонымен қатар, Orda.kz  желілік басылымының бас редакторы және негізін қалаушы Гүлнар Бажкенованың адвокаты  Мұрат Адам қорғалушысының өзін және редакциясын рейдерлік басып алудан қорғауға мүмкіндігі жоқ үйқамақта екенін айтып, мәлімдеме жасаған. Адвокаттың айтуынша, тергеу соты үйқамақ сияқты бұлтартпау шарасын негізсіз таңдап алған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы