Бас прокуратура азаматтарды сайлау заңнамасын бұзбауға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Бас прокуратурасы ел Президентінің кезектен тыс сайлауы барысында заңдылықты, оның ішінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу шарттарының сақталуын ерекше бақылауда ұстауда. 

«Қазіргі уақытта интернет желісінде осы заңның талаптарын бұзушылықтар тіркелді. Нақты айтқанда, Nur.kz интернет-ресурсының меншік иесімен Орталық сайлау комиссиясына міндетті түрдегі хабарлаусыз сауал салу жүргізу фактісі анықталды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде осындай сауал салуларды жүргізу байқалады. Аталған фактілер бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауаптылыққа тартылды», - делінген таратылған ақпаратта.  

Ведомствоның мәліметінше, атап айтқанда, ВКонтакте әлеуметтік желісінде сайлау бойынша қоғамдық пікірге сауал салған (ӘҚБтК 120-бабы 3-тармағы) Алматы қаласының тұрғыны 2019 жылғы 17 мамырда 15 АЕК мөлшерінде (37 875 теңге) айыппұл төлеуге тартылған.

Осыған ұқсас Facebook әлеуметтік желісінде жасалған құқық бұзушылық үшін Алматы облысының тұрғыны әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

«Осыған байланысты, Бас прокуратура азаматтарға сайлау процесі барысында заңдылықты сақтау қажеттілігі және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабында сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық көзделгені туралы еске салады. Бұл ретте, азаматтарға мұқият болып, әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын үшінші тұлғалардың құқыққа қайшы мақсаттарда пайдалануына жол бермеу ұсынылады», - деп ескертті Бас прокуратурада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы