Бас прокуратура: Аблязовтың көксегені – еліміздің тыныштығы емес, жеке басының мүддесі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас прокуратурада "ҚДТ" экстремистік ұйымына қатысты брифинг өтті.

Брифинг барысында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі О. Петерс қоғамымызға іріткі салып жүрген қандықол қылмыскердің әрекеттерінен сақ болуға шақырды.

Армысыздар, қадірлі отандастар! Бүгінгі брифингте баршаңызды - қоғамымызға іріткі салып жүрген қандықол қылмыскердің әрекеттерінен сақ болуға шақырамыз. Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысы экстремистік ұйым. Оны кім басқаратынын көпшілілік біле бермейді. Жетекшісі - Мұхтар Әблязов, - деді ол.

Бас прокуратурасының ресми өкілінің айтуынша, оның арбауына түскен кейбір азамат - өкінішке қарай, оған зор сенім артады.

Естеріңізге салайық, 90-жылдары ол бизнесте болып, кейін KEGOС ұлттық компаниясын және Энергетика министрлігін басқарған. Көп ұзамай, ол - заңды белден басып ұры, жемқор, алаяқ және адам өлтіруші қылмыскерге айналды. Энергетика министрі кезінде жемқорлық жасағаны үшін 2002 жылы 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмысына өкініп, мемлекет басшысы мен халықтан кешірім сұрап, түзелуге уәде берген еді. Кешірілген соң, бостандыққа шығарылды, - деп атап өтті Петерс.

Алайда, байлыққа құнығып, қылмыстық әрекеттерін әрі қарай жалғастырды.

2005 жылы өзінің бизнес серіктесі, БТА банктің төрағасы - Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны ашық сотта дәлелденді. Қылмыскер Тоқмади - Тәтішевті аң аулау кезінде Әблязовтың тапсырысымен өлтіріп, оны жазатайым оқиға ретінде көрсеткенін, ол үшін 4 млн АҚШ долларын алғанын мойындады. Тәтішевті өлтірткен соң, Әблязов банкты иеленіп, басқару жүйесіне өзінің сыбайластарын тағайындап, қылмыстық топ құрған, - деді ол.

Оның айтуынша Әблязовтың қылмыстық, қитұрқы әрекеттері сан түрлі болған. 

Өзі құрған фирмаларға жалған құжаттар арқылы миллиардтаған несиелер беріп, жеке пайдасына жаратқан. Мысалы, ол өз бақылауындағы жарғылық капиталында небәрі 92 мың теңгесі болған "Рамбурс" серіктестігіне - 103 млрд теңге несие берген, - деп атап өтті ол.

Петерстің сөзінше, ұрланған қаражаттарға Әблязов акциялар, элиталы үйлер мен пәтерлерді сатып алған.

Отбасына 3 ұшақ сатып алып, олардың пайдаланылуына банктен жылына 1 млрд теңге жұмсап отырған. Қылмыстары әшкереленген соң, ол 2009 жылы Ресейде, кейін Англияда, 2012 жылы Францияда бас сауғалады, - дейді Петерс.
Шетелде жайлы өмір сүру үшін, алдын ала қаражатты оффшор арқылы елден шығарып алған. Оффшор дегеніміз - шетелдік компанияларды ешкім тексермейтін, бақыламайтын, шынайы қожайындары белгісіз, салық төленбейтін, қылмыстық қаражаттарды жасыруға оңтайлы мемлекеттер. Ол - оффшорлық мемлекеттерді пайдаланып 7,5 млрд АҚШ долларын жымқырған. 

Бас прокуратураның ресми өкілі Әблязовтың алаяқтық әрекеттерінен қазақстандықтар ғана емес, француздар, немістер, америкалықтар мен басқалар да зардап шеккенін мәлімдеді.

Миллиардтарды жымқырғаны үшін Ресей, Украина мемлекеттері оған іздеу жариялады. Өткен жылы Нью-Йорк соты Әблязовтың - саяси қудалаудамын -, деген уәжін теріске шығарып, оны айыпты деп таныды. Лондонның Жоғарғы соты Әблязовты - алаяқ деп танып, одан 4 млрд АҚШ долларын өндіруге, жалған жауап бергені үшін 22 айға бас бостандығынан айыруға үкім кескен. Англия Ішкі істер министрлігі оны босқын мәртебесінен айырған соң, ол Францияға қашып кеткен, - деп тізіп берді Оксана Петерс.
Петерстің айтуынша, ол сол жерде өзін Қазақстан билігімен қудалауда жүрген саяси қайраткер кейпінде танытып, демократия үшін күресуші ретінде имидж қалыптастыра бастады. Оның осы екіжүздігілігінің мақсаты - бір қылмыстық жауаптылықтан жалтару.
Айта кететін жәйт, 2017 жылы "Кешкі Бішкек" басылымына берген сұхбатында, Әблязов Қазақстанға су беруді тоқтатуды ұсынған. Осылайша, елдің оңтүстігін құрғақшылықтан зардап шеккізуге ұмтылған, - деді ол.
Қазіргі таңда оған қатысты көптеген азаматтық процес жүргізілуде.
Бүгінде 1 млрд АҚШ долларынан астам қаражат қайтарылды. Қылмыстық істер бойынша 8 айыптау үкімі шығып, 42 адам сотталған. Жымқырылған қаражатты қайтару мен оны жауаптылыққа тарту үшін тиісті жұмыстар атқарылуда, - деп атап өтті Петерс.
Оксана Петерстің сөзінше, Аблязовтың көксегені - еліміздің тыныштығы, азаматтарымыздың амандығы емес, жеке басының мүддесі, мансабы.
Құрметті отандастар! Бүгінде Әблязов халық мүддесін желеу етіп, жалған ұранмен азаматтарды заңсыз акцияларға үгіттеуін жалғастырып келеді. Ол сіздерді - қоғамда әлеуметтік алауыздық және ұлтаралық қақтығысты тудыру үшін пайдалануда. Оған бір-бірімізге деген сенімімізді жоғалтқанымыз тиімді. Аблязовтың көксегені - еліміздің тыныштығы, азаматтарымыздың амандығы емес, жеке басының мүддесі, мансабы. Ол қылмыстық жауаптылықтан құтылуды көздейді. Бұрын өзі жымқырған Сіздердің қаражаттарыңызды митингке шыққандарға төлеуде. Біз сіздерді арандатушылыққа бой алдырмауға, заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырамыз, - деп түйіндеді сөзін Бас прокуратураның ресми өкілі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы