10 Қараша 2026, 10:33 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Техникалық шарт жасаудан бас тартқан кәсіпорын басшылары жауапқа тартылады

Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті кәсіпкерлерге қойылған заңсыз талаптардың күшін жоюға, техникалық шарттарды беруді цифрлық форматқа көшіруге және инженерлік желілердің бос қуаттары туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге қол жеткізді. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде 1 294 әкімшілік іс қозғалып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 220 млн теңгені құрады.

Инженерлік желілерге қосылу – инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі кезеңдерінің бірі. Алайда іс жүзінде кәсіпкерлер қосымша келісу рәсімдеріне, техникалық шарттарды беруден негізсіз бас тартуға және қолжетімді қуаттар туралы ашық ақпараттың болмауына тап болады.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жүргізген талдау бұл салада көптеген заңбұзушылық пен жүйелі мәселелер бар екенін көрсетті.

Заңсыз келісу рәсімдерінің күші жойылды

Еліміздің ірі қалаларының бірінде инвесторлар инженерлік желілерге қосылуға техникалық шарттар алу кезінде қосымша әкімшілік кедергіге тап болған. Атап айтқанда, олардан жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісу талап етілген. Мұндай талап заңнамада көзделмеген және бірнеше жыл бойы кәсіпкерлерге негізсіз кедергі келтіріп келген. Комитеттің бастамасымен заңсыз тәжірибенің жолы кесіліп, қосымша келісу талабы жойылды.

Бос қуаттар туралы ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етілді

Тағы бір мәселе – инженерлік желілердің техникалық мүмкіндіктері туралы өзекті әрі ашық мәліметтердің болмауы.

2023 жылдан бастап табиғи монополия субъектілері өз желілері мен қолжетімді қуаттары туралы ақпаратты «Мемсараптама» РМК-ның Геопорталында орналастырып, үнемі жаңартып отыруға міндетті болатын. Бұл мәліметтер инвесторларға жер учаскесін таңдау және өндірісті жоспарлау кезеңінде қажет.

Алайда жүргізілген талдау көптеген монополистің бұл талапты орындамағанын, ал жекелеген кәсіпорындардың ашық ақпаратқа қолжетімділікті негізсіз шектегенін көрсетті.

Комитеттің араласуынан кейін заңбұзушылықтар жойылды. Мәліметтерді жарияламағаны немесе уақытылы жаңартпағаны үшін 40-тан астам табиғи монополия субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Техникалық шарттар тек цифрлық форматта беріледі

Жұмыстың тағы бір бағыты – рұқсат құжаттарын алу кезінде «бір терезе» қағидатының толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

2018 жылдан бастап бұл тетік техникалық шарттармен бірге жобалауға рұқсат алу мүмкіндігін қарастырады. Алайда тексеру барысында жекелеген монополистердің әлі де кедергі келтіріп отырғаны анықталды. Олар техникалық шарттарды беруден бас тартып, қағаз түріндегі өтінімдерді қабылдаған және кәсіпкерлерді өздеріне тікелей жүгінуге мәжбүрлеген.

Осы жылдың 11 шілдесінен бастап техникалық шарттар тек Геопортал арқылы берілуі тиіс болатын. Соған қарамастан, кейбір кәсіпорындар жұмысын цифрлық жүйеден тыс жалғастырған, ал жекелеген табиғи монополия субъектілері онда мүлдем тіркелмеген.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде цифрлық форматқа көшу жұмысы жанданды. Бүгінде техникалық шарттар беретін 426 табиғи монополия субъектісінің 424-і Геопорталда авторизациядан өтті. Өтінімдер цифрлық жүйе арқылы қаралады.

Сонымен қатар Комитеттің бастамасымен мемлекеттік табиғи монополия субъектілері басшыларының дербес жауапкершілігі күшейтілді. Енді инвесторларға техникалық шарттар беруден бас тарту туралы шешімдерге мемлекеттік кәсіпорындардың бірінші басшылары қол қоюы тиіс.

Мұндай тәжірибе «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астана-РЭК» АҚ және «Астана Су Арнасы» МКК-да енгізілді. Осыған ұқсас өзгерістер бүкіл ел бойынша мемлекеттік табиғи монополия субъектілерінің регламенттеріне енгізіліп жатыр.

Пайдаланылмайтын электр қуаттарын резервте сақтау ақылы болады

Тағы бір жүйелі мәселе – ірі кәсіпорындардың электр қуатының едәуір көлемін ұзақ уақыт бойы резервте ұстап, іс жүзінде пайдаланбауы.

Электр энергиясы тапшылығы жағдайында мұндай тәжірибе жаңа өндірістерді желілерге қосу және инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін шектейді.

Мәселені шешу үшін уәкілетті орган – Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті пайдаланылмайтын электр қуаттарын резервте ұстағаны үшін ақы енгізуді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірледі. Бұл шара кәсіпорындарды артық резервтерді босатуға және қолжетімді ресурстарды тиімдірек бөлуге ынталандыруға бағытталған.

Жұмыс жүйелі түрде жалғасады

Анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында Табиғи монополияларды реттеу комитеті бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын әзірледі. Сонымен қатар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер дайындалды.