Бүгiн 2026, 16:38 Фото: pixabay.com

Бас прокуратура: 2 мыңнан астам жетім баланың тұрғын үй құқығы қалпына келтірілді

Сондай-ақ прокуратураның араласуымен 10 мыңнан астам жасөспірімнің тегін тамақтану және жоспарлы ауруханаға жатқызылу құқықтары қамтамасыз етілді.

Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратураның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Жиында прокуратура органдарының жұмысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталғаны атап өтілді.

Берік Асылов елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың басты мақсаты – адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту екенін айтты.

Фото: Бас прокуратура

Біздің міндетіміз – Конституцияның әрбір нормасының азаматтардың өмірінде нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету және заңның бүкіл қоғам үшін бұлжымас құндылық болып қалуына ықпал ету, – деді Бас прокурор.

Есепті кезеңде құқықтық тәртіпті нығайту, «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету, инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациясын дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілген.

Нәтижесінде елімізде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 10 пайызға азайған. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ алаяқтық фактілерінің саны төмендеген. Алаяқтық қылмыстарының көрсеткіші 13 пайызға қысқарған.

Прокуратура органдары есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында да белсенді жұмыс атқаруда. Құқық қорғау органдары және қаржы институттарымен бірлескен шаралардың нәтижесінде 2025 жылдан бері 530 мың «дропперлік» шот бұғатталып, есірткі саудасынан түскен 2,6 млрд теңге заңсыз кіріске тосқауыл қойылған. Сонымен қатар осы бағыттағы 10 мың интернет-ресурстың қызметі тоқтатылды.

Алқа отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстардың, алаяқтық пен есірткі саудасының алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде 2,1 млрд теңге көлеміндегі жалақы берешегі өтеліп, 168 мың жұмыскердің еңбек құқығы қалпына келтірілді.

Сондай-ақ мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтың оңалту құралдарын алу және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қол жеткізу құқықтары қорғалған.

Балалардың құқықтарын қорғау мәселесі де тұрақты бақылауда. Прокуратураның араласуымен 10 мыңнан астам жасөспірімнің тегін тамақтану және жоспарлы ауруханаға жатқызылу құқықтары қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, 2 мыңнан астам жетім бала тұрғын үймен қамтылып, олардың баспана кезегіндегі құқықтары қалпына келтірілді.

Осы саладағы заң бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 2,9 мың лауазымды тұлғасы түрлі жауапкершілікке тартылды.