Бас Понтифик Қазақстан туралы не айтқан

Биыл Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Осыған орай биыл сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс режимде Рим Папасы Францискпен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшылары Қазақстан мен Ватикан арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары, сондай-ақ конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты ілгерілету мәселелерін талқылады. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  қыркүйек айында елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өткен еді. 

Рим Папасы Президентке ризашылығын білдіріп, Қазақстанға ресми сапармен келетінін, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысатынын мәлім етті. 

Мен дінаралық диалогты, мемлекеттердің бірлігі мен жақындасуын ілгерілету тұрғысынан осы келелі жиынды тағатсыздана күтемін. Мұның қазіргі уақытта мәні өте зор, – деді Католик шіркеуінің басшысы.

Осыдан 21 жыл бұрын, 2001 жылдың 22 қыркүйегінде Бас Понтифик Иоанн Павел ІІ Қазақстанға тарихи мемлекеттік сапармен келді. 

Иоанн Павел ІІ ресми сапары Қазақстан тәуелсіздігінің 10-жылдық мерейтойына тұспа-тұс келді. Бұл екі ел үшін халықаралық саяси алаңда өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогты дамыту, сонымен қатар екі мемлекет арасында диалог пен серіктестікті нығайтуда аса маңызды елеулі оқиға болды. 

Папаның алғашқы сөзінде «Орта Азияның жүрегінде орналасқан қасиетті елдің астанасына әкелген» деп Құдайға ризашылығынан басталды.

Сіздердің ұлттық туларыңыздың түсіне қарап тұрып, Жаратушы Құдайдан туларыңызда көк түспен нышандалған беріктік пен ашықтық, алтын түспен күймеленген гүлдену мен бейбітшілік тәрізді игіліктерге қол жеткізулеріңізді тілеймін, - деді Папа Иоанн Павел II Қазақстан халқы туралы.

Ол Қазақстанның басқа халықтармен, ұлттармен және мәдениеттермен мүдделес ынтымақтастықтың «көпірлерін салу» үшін қажетті алғышарттардың – туыс­қандықтың, диалог пен өзара түсініс­тіктің рухында өркендеуді қалайтынын айтқан еді. 

Келешегі зор мүдде тұрғысында Қазақстан 1991 жылы батыл бастамасымен Семейдегі ядролық полигонды жабу туралы шешім қабылдап, кейіннен ядролық қарудан біржақты бас тартуды жариялады. Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы келісімге қосылды. Осы шешімнің негізінде сіздерде даулы мәселелерді қару қолдану арқылы емес, келіссөздер мен диалогтың бейбіт құралдарын қолдану арқылы шешкен жөн дейтін сенім орнықты. Мен ынтымақтастық пен бейбітшіліктің өзекті талаптарына тамаша сәйкес келетін, адамдарда нығая түскен саналылықпен талпынып отырған мұндай тәртіп бағытын мақтамай тұра алмаймын, - деп тәнті болып, ризашылығын білдірген еді. 

Әкей XXI ғасырда қақтығыстарды тоқтату, әлемнің барлық халқы күш біріктіріп, бір-біріне кешірімділік таныту қажеттігі жөнінде ой бөліскен болатын. 

Христиан мен мұсылмандарға ортақ нәрсе көп, сондықтан мұсылман мен христиан әлемінің арасындағы диалог бүгінгі күнде ерекше қажет, - деген еді. 

Оның мұсылмандар мен христиандар «сүйіспеншілікке негізделген өркениет» құра алатынына кәміл сенімі дұрыс әрі негізді деп атап өту қажет. Понтификтің Қазақстанға сапары оның Шығыс пен Батыс, ислам мен христиан арасында шынайы диалог құру талпынысының, барлық халықтардың тарихи және рухани дәстүрлеріне деген құрметі мен үйлесім мен руханилыққа негізделген өркениеттер арасындағы түсіністік пен сыйласымдыққа қосқан жеке үлесінің жарқын мысалдарының бірі болып қалатыны анық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы