Бас онколог: Қатерлі ісікке қарсы күресті бір сәтке де тоқтатқан емеспіз

Күн сайын айналамызда онкоауруға шалдыққан адамдар саны артуда. Ал статистика тіптен қорқынышты. Елімізде әр екі күн сайын үш әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Соның ішінде, гинекологиялық обырдың үлесі – 11,5%, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде елімізде аты жаман аурумен күрес қаншалықты жүргізілуде?

Шекара аспай-ақ қатерлі ісікті емдеу әлеуетіміз қандай? Адам папиллома вирусына қарсы вакцина туралы не белгілі?

Осы және өзге де сұрақтарға ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР бас онкологы Диляра Қайдарова сұхбат барысында жауап берді.

- Диляра Радикқызы, жатыр мойны обыры өте ауқымды әрі өзекті тақырып. Өзіңіз де медицинадағы жолыңызды акушер-гинеколог ретінде бастапсыз. Артқа көз тастасаңыз, акушер-гинекологтан ғылым академигіне дейінгі жүріп өткен жолыңызда не түйдіңіз?

- Осынша жолды жүріп өткенім – қажырлы еңбектің арқасы деп білемін. Акушерияда жүргенде сен ең алдымен – дәрігерсің. Ал акушер-гинеколог болу – екі адам үшін: ана үшін де, бала үшін де жауапкершілікті мойныңа аласың. Үнемі үлкен жауапкершілікті мойынға ала білу, табандылық, оқу – онкология ғылымына алып келеді.

Әлемде қандай да бір жаңа дүние, ғылымда, технологияда жаңашылдық көрсем, соны практикаға енгізіп, мамандарымызды оқытамыз. Біздің халқымызға соңғы үлгідегі медицинаның жаңалықтары тезірек жетсе екен, медицинамыз дамыса екен деген ниет қой.

- Қазақстанда ғана емес, әлемде қатерлі ісік көбейіп кетті деп дабыл қағып келеміз. Осы пікірмен келісесіз бе?

- Иә, өкінішке қарай, онкологиямен ауру дүние жүзі бойынша бірден өсті. Әсіресе коронавирус пандемиясынан соң үдеп кетті. Қазақстан қазіргі таңда онкологиялық аурушаңдық бойынша әлем елдері арасында 59-орында тұр. Мәселен, 2023 жылдың өзінде 40 мыңнан астам жаңа жағдай анықталды. Статистиканы қарасақ, жиырма жыл бұрын бұл көрсеткіш 19 мың жағдайды құраған екен. Онкоаурулардың бірден қатты көбеюі орын алуда. 2024 жылғы статистикаға көз жүгіртсек, 43 мыңнан астам адамның қатерлі дертке шалдыққаны белгілі болды. Ал ауруға шалдыққандардың арасында 59%-ы – репродуктивті, еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Бұл көрсеткіш әйелдерге де, ерлерге де қатысты. Былайша айтқанда, жастар. Обыр жасарып келеді. Мысалы, 30 жыл бұрын пациенттеріміз 60-70 жастағы кісілер болса, қазір 20 жастан асқандардың қатары көбейіп келеді.

Жаңа ғана өзіңіз айтып өткен жатыр мойны обыры – осы жастар үшін осал дерт болып отыр. Мәселен, былтыр 22 жастағы қыз бала жатыр мойны обырынан қайтыс болды. Ол бізге келгенде қатерлі ісіктің төртінші сатысында болған. Ауру әбден асқынып, жеңген.

Сосын іссапарға барған кезде де жастардың көп ауыратынын аңғара бастадым. Қостанайға барғанымда жай қарай бастап едім, 28 жас, 29 жастағы әйелдерде қатерлі ісік дерті бар. 40-50 жастағылар ауырса, оған қалыпты қарай бастадық.

- Жатыр мойны обырының "зұлымдығы" да сонда жатыр ғой... Белгілі бір уақыт ішінде ауру симптомсыз өтіп, әбден асқынғанда бірақ білінеді ғой. Сізді дұрыс түсіндім бе?! Бүкіл әлемде аурудың анықталу деңгейін былай қойғанда, шын мәнінде қатерлі ісікпен адамдар көп ауыра бастады. Осы тұжырыммен келісесіз бе?

- Иә, ерте анықталып жатқаны да рас. Ал шын мәнінде, әлем бойынша адамдар жаппай обырға шалдығуда дегенмен келісемін. Біздер – онкологтар үшін ең бастысы ауруды ерте сатысында анықтау маңызды! Науқас жағдайын болжау, әрі қарай емдеу тәсілі соған байланысты. Айта кететін жайт, қазіргі таңда Қазақстанда ауруды 1-2 сатысында анықтау дәрежесі 60 пайызға дейін жеткені көңіл қуантады. Кей жерлерде аурудың нозологиясы 80 пайызға дейін бар. Бұл өте жақсы көрсеткіш! Өйткені, шетел аспай-ақ, елімізде ауруды емдеп, 100 пайыз жазып шығамыз деуге негіз бар.

- Ал Қазақстанда қатерлі ісіктен жазылуға қатысты статистика қандай?

- Бізде елімізде 5 жылдық өміршеңдік деген түсінік бар. Яғни адам өз диагнозымен бес жыл және одан артық уақыт өмір сүрді дегенді білдіреді. Көрсеткіш осы тұрғыда 57 пайызды көрсетті. Бұл дегеніміз 57 пайыздан астам пациент бес жылдан артық межеден асты деген сөз. Қазіргі уақытта 220 мың пациент есепте тұр (онкология бойынша). Олардың ішінде 57 пайызы, яғни 110 мың адам дерттің бес жылдан астам межесінен асып өмір сүруде.

- Бұл көрсеткіш уақыт бойынша өсуде ме? Яғни шартты түрде мысалы, 10 жыл бұрын төмендеу болса, қазір жоғары ма?

- Әрине. Мәселен, он жыл бұрын небәрі 30 (отыз!) пайыз ғана болған. Қазіргі кезде біз 57 (пайызға) дейін жеттік. Бұл ең алдымен ерте диагностикалау есебінен, сондай-ақ пациенттерді емдеу мүмкіндігінің артуынан болды. Оған қоса, заманауи әдістер, заманға сай химиятерапия, таргетті терапия, иммунотерапия септігін тигізуде. Бүгінгі таңда осы айтылған процедуралардың бәрі біздің пациенттеріміз үшін қолжетімді, тегін жүргізіледі. Сол үшін отандастарымызға уақытында скринингтен өтуге шақырғым келеді. Скрининг қазір емханаларда тегін жүргізіледі. Биыл жаңа жылдан бастап Денсаулық сақтау министрі қол қойған бұйрыққа сәйкес, медициналық сақтандырылған да, сақтандырылмаған да азаматтар скринингтен тегін өте алады.

- Сіз бұған дейін де берген сұхбаттарыңызда біздің елімізде шетел асып, ем іздемей-ақ емделуге әлеуетіміз жететіндігін айтқан болатынсыз. Қазіргі таңда бұл қаншалықты жүзеге асырылуда? Себебі ауруына шетелге барып шипа іздеуге мәжбүр жандарды көп көріп жүрміз. Дертіне ем іздеп шырылдап жүргенде, дәрігерлер тарапынан кейде дөрекілікке ьап келетіндеріне шағымданатындар аз емес. Пациенттермен кәсіби тұрғыда ғана емес, қарапайым адамгершілік тұрғысында қарым-қатынас жасап, ем жүргізу үшін қаншалықты өстік деп ойлайсыз?

- Өкінішке қарай, соңғы айтқаныңыз біздің дәрігерлердің арасында кездесетін проблемалардың бірі. Яғни біз осыларды емдеуге, заманауи әдістермен, алгориттмен науқасты жазуды үйреттік. Бірақ коммуникациялық мүмкіндіктер жағы ақсап қалып жатады. Дәрігер күніне жиырма-отыз адамды қабылдайды делік. Уақыт өте келе ол қатая беретіні анық. Суық, қатал болмаса, психикасы да шыдамайтын шығар. Ал пациенттің жылы сөз, қолдау күтетіні анық. Қазір біз барлық өңірдегі медбикелерге коммуникация бойынша сабақтар өткіздік. Ең алдымен, медбике пациентті күтіп алатыны анық. Мәселен, шетелдің тәжірибесінде бұл әдіс кеңінен қолданылады. Арнайы оқыған, дайындықтан өткен медбикелер науқасты күтіп алып, дәрігердің кеңесін алуға дайындайды. Өз басым Еуропада ондай қызмет түрлерін көп кездестірдім. Дәрігерлерде барынша еркін жұмыс уақыты, оған дейін пациенті арнайы дайындық пен кеңестен өтіп келген. Ол дәрігерге барынша сенеді. Ал бізде осы тұрғыда, пациент пен дәрігер арасындағы мәдениет ақсап тұр. Дәрігерлер, медициналық персоналдар мен пациенттер тарапынан да бұл жағдай бірдей болып отыр.

"Қатерлі ісік" деген сөздің өзі адамды қорқытады. Әркім үшін бұл үлкен стресс. Сондықтан осы мәселелермен – коммуникациялық проблемалармен айналысатын боламыз.

- Әлемдік тәжірибеде дәрігерлерді осы тұрғыда қалай дайындайды? Білім бар, технология бар, әдістеме бар. Бірақ коммуникацияны қайтсек дамытамыз?

- Мысалы, бізде әр онкоорталықта психологтар бар. Мен үнемі оларға айтамын, онкоорталықта жатқан пациенттің палатасына емес, емханаға келіп адамдармен сөйлесіңіздер. Емханада қойылған диагнозын жаңа ғана естіп, не істерін білмей отырған науқас отырған болуы мүмкін. «Театр киімілгіштен басталады» демекші, барлығы осы емханадан басталып қолға алынуға тиіс. Адамға психологтың қолдауы дәл сол сәтте қажет болуы мүмкін. Сіздің бір ауыз сөзіңіз адамды өлтіріп жіберуі немесе керісінше, тығырықтан алып шығуы мүмкін. Өкінішке қарай, кейбір аймақтарда емханалық менеджмент жолға қойылмаған.

Кейде дәрігерлердің өзі бұл проблеманы түсіне бермеуі мүмкін.

- Онкологиялық диагнозы туралы енді білген адам ең алдымен не істеуі керек? Қандай қадам жасағаны дұрыс? Осы туралы айтып беріңізші...

- Біріншіден, азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға тіркеуде есепке тұруы қажет. Былайша айтқанда, ресепшнге барып, "менде онкологияға күдік анықталды. Көмектесіңізші" деп айтуы керек. Бізде"жасыл дәліз" бар. Бұл дегеніміз пациент онкологияға күдігі бар деген қағазбен жүгінсе, оны ең алдымен емханасы тіркеуге алып, барлық жерде «қызыл түспен» ерекшеленіп тұрады. Жалпы практикалық дәрігер дереу қарап, пациентті қолында бар алгоритм бойынша тиісті анализдер тапсыруға жібереді. Қазір осы "жасыл дәліз" жақсы қаржыландырылып отыр. КТ, МРТ сынды барлық қажетті анализдер тегін тапсырылады. Әрі қарай жалпы практикалық дәрігер науқасты бес-алты күн ішінде толықтай тексеріп, одан соң онкологқа табыстайды. Онколог қажетіне қарай биопсия алып, егер емханада қарау мүмкін болмаса, онкоорталыққа жібереді. Бұл процесс шынымен ұзақтау. Уақыт жоғалтпау, тезірек қимылдау дегенді ескеріп, пациент онкологқа жалпы практикалық дәрігерсіз өзі тікелей жазыла алады. Бұл әрбір емханада «Дамумед» қосымшасы арқылы жүргізіледі. Бізде онкологияға күдігі бар пациентке 28 күн ішінде нақты диагноз қойылуға тиіс.

Өйткені мысалы, биопсия тапсыруы керек. КТ жасау міндетті. МРТ, ультрадыбыстық зерттеу жасау қажет. Көп жағдайда пациенттеріміз "диагностикаға мұншалықты көп уақыт кетеді, бірден айта салмайсыздар ма?" деп жатады. Кейде диагноз қою өте қиын жағдайлар да кездеседі. Бізде бір пациент болды. Бәрін, тіпті, ПЭТ, яғни позитрондық-эмиссиялық томография жасадық. Ұйқыбезі обыры деген диагноз анықталды. Операция жасап, ашқанда қатерсіз ісік екен. Барлық тексеріс кезінде қатерлі ісік болып көрінген еді. Жағдайдың солай жақсы аяқталғанына әрине, қуандық. Әр жағдайға, әр ісікке тәсіл әртүрлі.

Пациент шетелге барса да, соншалықты уақыт күтеді. Ол жақта бізден айырмашылығы – пациентке бәрін тәптіштеп, дұрыстап түсіндіреді. Коммуникация жағы ақсап тұр дегенім сол.

Осы 28 күн өткен соң пациентті "онконауқастың электрондық тізбесі" деп аталатын жүйеге есепке тұрғызамыз. Әрі қарай толықтай емдеуді мемлекет көтереді.

- Ал пациентке сіз айтқан қызметтің бәрі осы мерзім ішінде көрсетілмесе, не істеу керек?

- Тіркелген емханасындағы ресепшнге барып, талап етуге құқылы. Бас дәрігерге барып, түсіндіруі керек. Бұл жерде уақыт жоғалтпау маңызды екенін түсінген дұрыс. "Жасыл дәлізге" әр 21 күн сайын мониторинг жүргізіп отырамыз. Мұның барлығы электрондық жүйеде көрініп тұрады. Бүкіл Қазақстан бойынша әр облыстың бас онкологтарын жинап алып, талқылаймыз, талдаймыз. Оларда да барлық ақпарат бар. Пациенттерге дұрыс, дер кезінде ем көрсетілуі үшін бәрін бақылауда ұстаймыз деп айта аламын.

- Өңірлерде жаңа онкоорталықтар бар ма? Дәрі-дәрмектер мәселесі қалай шешілуде?

- Онкоорталықтардың құрылысына қатысты айтар болсам, біз Маңғыстау облысында – Ақтауда толықтай заманауи жабдықтармен жабдықталған жаңа орталық салдық. Орталықтың жобасының суретін тіпті, отырып алып өзім салдым. Науқастар қалай кіреді, қай жерден кіреді, ішке қарай өтеді, дәліз қай жерде, барлығын ойластырдық. Пациенттерге ыңғайлы болуы үшін бәрі қарастырылды. 100 төсек-орынға салынды. Қазір күн санап қажеттілік артып, 120 орынға дейін кеңейтілді. Сәулелік терапия, заманауи КТ, МРТ аппараттарымен, Алматыдағы орталықта жоқ УДЗ-мен жабдықтадық. Операция жасайтын бөлменің өзі керемет. Алайда кадр тапшылығы мәселесі бар. Одан соң Павлодар облысында 200 төсек-орынға арналған үлкен онкоорталық ашылды. Өңірде онкоаурушаңдық жоғары. Соны ескеріп, барлық жабдықтар қойылды. Эндоскопиялық, лапароскопиялық жабдықтар алынды. Жамбыл облысы Тараз қаласында да былтыр 200 төсек-орындық онкоорталық бой көтерді. Жылына 2 мың адам қабылдайды. Біз әр орталықта ең қажетті, заманауи құрал-жабдықтарды қоюға тырысамыз.

Сонымен қатар Абай облысының орталығы – Семей қаласында Ядролық медицина орталығын аштық. Ол орталықта қалқанша без обырына шалдыққан пациенттерді емдейтін радионды терапия қолданылатын толыққанды ПЭТ-орталық салынды.

Бұрын 2017 жылы пациенттерімізді Мәскеуге жіберетінбіз. Өйткені бізде бұл радионды терапия болған жоқ. Қазір барлық пациент Абай облысына, Семейге барып, сол жерде радионды терапияның курсынан өтеді. Бұл да барлық емделушілерге тегін.

Өскеменде де бүкіл орталық жаңартылып, қайта жөндеуден өткізілді. Заманауи орталықта жаңа эндоскопиялық орталық ашылды. Ескі ғимараттан да жаңа, заманға сай емдеу орталығын жасауға болатынына да тағы бір көз жеткіздік. Екі адамдық палатасы, ішінде әжетханасына дейін бар етіп жабдықталған. Ешқайда барудың, шетел асудың қажеті жоқ. Бүкіл құрал-жабдық бар.

Қазір Атыраудағы орталықты да осылай жаңартсақ деп отырмыз. Ол жерде өте ескі, 1960-жылдардағы онкоорталық. Жаңа радиологиялық корпус салынуда, енді жаңа онкоорталықтың құрылысы туралы мәселе көтерілді. Сол жақта өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысына осы мәселені айттық.

Талдықорған қаласында да жаңа орталық бой көтереді деп күтудеміз.

- Онкоорталықтардың жаппай ашылуы әрине, көңіл көншітерлік жаңалық екен. Бірақ әр екі күннің бірінде үш әйел адам қатерлі ісіктен көз жұматындығы туралы сұмдық статистиканы естідік. Жалпы, бұған не себеп? Адам папиллома вирусы деген не? Себебі жатыр мойны обыры осы адам папиллома вирусынан туындайтыны айтылады. Екеуімен бір-бірімен қалай байланысты? Соны түсіндіріп өтсеңіз...

- Адам папиллома вирусы – бұл баршаға белгілі вирус. Оның түрлері өте көп. Екі онкогенді типі бар, бұл 16 және 18-ші, жатыр мойны обырының себебі болып саналады. Кез келген адам, тіпті, бала да бұл вируспен бетпе-бет келуі мүмкін. Адамның иммунитеті төмендеп кеткен кезде бұл вирус іске қосылып, осы 16 және 18-ші тип жатыр мойны обырын, жұтқыншақ обырын тудырады. Сонымен қатар тағы бір айта кететін жайт, адам папиллома вирусы әйелдерді ғана емес, ерлерді де айналып өтпеді. Қазіргі таңда Қазақстанда ерлер арасында жұтқыншақ обыры да көп таралуда. Оған темекі шегу, алкоголь ішу адам папиллома вирусы қосылғанда 40 жасқа дейінгі ерлер арасында жұтқыншақ обырына жаппай шалдығуға ұласуда.

Баршаға белгілі, 15 жылдан астам уақыт бұрын адам папиллома вирусына қарсы вакцина ойлап табылды. Ол үшін ғалымдар Нобель сыйлығын да алды. Осы уақыт аралығында бұл вакцина үлкен тиімділігін дәлелдеді. Обырдың дәл осы түрінің алдын ала аламыз. Жатыр мойны обырын вакцина және скринингтің көмегімен жеңіп шыға аламыз.

Әйелдер үшін де, ер адамдар үшін де тұрақты түрде скрининг өткізіліп тұрады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 9 жас пен 15 жас аралығында қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы екпені салдыруға кеңес береді. Бұл ересек өмірге қадам басып, жыныстық өмірді бастағанға дейін салынуға тиіс екпе. Сол кезде иммунитет жақсы қалыптасып, адам папиллома вирусын жұқтырмайды. Бұл жерде айта кететін жайт, екпе бастапқыда қыз балаларға ғана салынғанымен, оларға вирусты ер адамдар жұқтыратын болғандықтан ұлдарға да салу керек деп шешті.

Өз дәрігерлік практикамнан айтар болсам, 22 жастағы қыз бала осы вирустан көз жұмғанда, қатты таң қалдым.

- Адам папиллома вирусы ерлерді де айналып өтпейді дедіңіз. Бірақ вакцина қыз балаларға ғана салынып жатыр ма?

- Адам папиллома вирусына қарсы екпе мемлекет үшін арзан нәрсе емес. Әзірге ұл балаларға салынып жатқан жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі әзірге ондай бұйрық шығарған жоқ.

- Көп адам вакцинаға қатысты қарсы пікірде. 10 жылдай уақыт бұрын осы екпені салу бағдарламасы басталғанда Павлодарда екі қыз балада реакция шығып, 11 жылдай екпе салу тоқтатылды. Осы уақыт аралығында қаншама әйел жатыр мойнының қатерлі ісігінен көз жұмды. Бірақ осынша уақытқа отандық медицина неге кідіріп қалды?

- Жақында біз 10 жыл уақыт бұрын жіберген қателіктерімізге көз тастадық. Мүмкін сол кезде вакциналау бағдарламасына ертерек кірісіп кеткен сыңайлымыз. Халық ақпаратты қабылдауға, медициналық қызметкерлер түсіндіру жұмыстарына толықтай дайын емес еді. Екпе салу тәжірибесі де, коммуникациялық мүмкіндіктеріміз де аз болды. Сол кездегі қыз балалардың реакциясы екпеге емес, уколға болған. Қыз бала түгілі кей ер азаматтардың арасында да уколдан қорқатындар бар.

Сол кезде екпе алған қыздарды кейін тексердік. Олардың ешқайсысынан жаңа айтып өткен 16, 18-типті адам папиллома вирусы табылған жоқ. Екпенің тиімділігіне күмән келтіретіндер үшін бұл тағы бір дәлел.

- Егер адам бұл вирусты жұқтырып алған болса, екпе салудың мәні жоқ па?

- Қазір вирустың бар-жоғына қарамастан вакцина салдыруға кеңес беріледі. Өйткені ол адам папиллома вирусын жұқтырып алған болса, сол вирустың белсенділігін төмендетеді. Ол 100 пайыз қорғамайды, бірақ вирустың қандағы, жатыр мойнындағы белсенділігін төмендететіні анық.

- Бірақ бұл екпе белгілі бір жас аралығындағы қыз балаларға ғана салынатындықтан, емханадан басқа еш жерде жоқ. Ақылы салу да мүмкін емес деп жатыр. Вакцина салғызғысы келетіндер не істеуі керек?

- Иә, қазір бүкіл әлем осы вакцинаға кезекке тұр деп айтуға негіз бар. Вакцина өндіретін компанияларға да жүгініп көрдік. Біздің мемлекет қазір кезекте тұр. Биыл маусым айына қарай 9-валентті вакцина келеді деп күтіп отырмыз. Адамдар сайт арқылы сатып алып жатқандары да бар. Бірақ оның бағасын екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Әрі сақтау, тасымалдау шарттары сақталуына мән беру қажеттігін ескерсек, адамдарға ондай тәуекелге бармай-ақ қойыңыздар дегім келеді.  

- Ал 14 жастан асқан азаматтарға вакцина алдағы уақытта қолжетімді бола ма?

- Иә, бірақ 14 жастан асқандарға вакцина тегін салынбайтын болады.

- Вакцина бедеулікке әкеледі деген сынды әңгімелерді де естіп қаламыз. Қаншалықты қисынды?

- Иә, ондай әңгімені біз де естиміз. "Бедеулікке әкелетін вакцина екен" деп жатады. Бірақ бұл тірі вакцина емес, ол тек адам папиллома вирусына ғана әсер ететін екпе. Сол үшін адамдарға қорқудың қажеті жоқ. Таныстарымыздың арасында, жаңағы айтқан екпе алған қыз балалардың арасында да зерттеу жүргізіп көрдік. Репродуктивті жүйеде ешқандай проблема болған жоқ.

Сонымен қатар бұл ешқандай да эксперимент емес. Австралия, Италия, Испания, Америка сынды мемлекеттер алғашқылардың бірі болып вакцинаны бірден қолданысқа енгізді. Эксперимент жасалса, бастапқыда соларда жасалды.

- Қазір де ата-аналар тарапынан вакцинаға қарсылар көп пе?

- Иә, баршылық. Қыз балалардың ата-анасына айтарым, ертең қыздарыңыздың денсаулығына жауапкершілікті өздеріңіз аласыздар. Бірақ екпеге бей-жай қарамауға шақырамын.

- Оқырмандарға қандай кеңес бересіз?

- Бізде онкоорталықта балалар онкологиясы бөлімшесі бар. Осы бөлімшеге әр кірген сайын өзімді дайындап кіремін. Себебі кішкентай ғана жүректердің, әсіресе олардың аналарының үміт пен үрейге толы көздеріне қарау, жүздерін көру қиын. Мүмкін, онкологтар сырт көзге қатал көрінуі мүмкін. Бірақ біздің де жүрегіміз бар. Сол үшін қиын жағдайға жеткізбей, денсаулықтарыңызға бей-жай қарамаңыздар, скринингтен уақытылы өтіп тұрыңыздар дегім келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы