Бас мүфтидің бас кеңесшісі: Қазақстан – бейбітшілік пен татулықтың жаһандық үлгісі
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – Қазақстанда қалыптасқан бейбітшілік пен келісім үлгісінің айқын көрінісі. Бұл туралы еліміздің Бас мүфтиінің бас кеңесшісі Мұхаммед-Хусейн Алсабеков елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлемде түрлі форумдар, съездер өткізіледі. Бірақ бүгінгі жиынның орны ерекше. Өйткені оған бүкіл дүниежүзінің рухани көшбасшылары келіп отыр. Мұнда біз ең алдымен бүкіл адамзатқа деген құрметті паш етеміз. Қымбатты Қазақстанымызда бейбітшілік пен келісім, конфессияаралық және ұлтаралық татулық орнаған. Біздің тәжірибемізден үлгі алатындар көп, – деді ол.
Айтуынша, Қазақстан бейбіт қатар өмір сүру мен өзара құрметтің үлгісін көрсетуге толық құқылы.
Біз осы құқыққа лайықпыз. Құран Кәрімде Жаратушы Алла Тағала: "Адам ата ұрпақтарын құрметті еттік" дейді. Демек, барлық адам құрметті, бәрі сыйлы. Олар қай дінге немесе ұлтқа жатса да, біз бірлікте өмір сүруіміз қажет. Бұл – бүкіл әлемге үлгі, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ ол съездің басты миссиясына тоқталды.
Негізгі мақсат – адамзатқа бейбітшілік пен келісімнің құндылығын тағы бір еске салу. Біз әлемде тыныштық орнауын қалаймыз. Біздің үндеуіміз – бейбітшілік пен татулыққа шақыру. Бүкіл жер бетінде бейбітшілік орнасын, – деді Мұхаммед-Хусейн Алсабеков.