Бас мүфти: Ол Қазақстанды әлем танитын биікке шығарды
Астана, BAQ.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз Нұрсұлтан Әбішұлының Президенттік өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
«Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Кешегі Елбасының Президенттік өкілеттігін тоқтататындығы туралы шешімін естігенде өкінішпен қабылдадық. Расында, ол кісіні қимадық. Себебі, бүкіл ел үшін тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғым. Еліміз алғаш егемендігін алып, аумалы-төкпелі болып тұрған өтпелі кезеңде билік тізгінін қолына алды. Сол кезеңнен бері 30 жылға жуық уақыт халықтың бірлігін жарастырып, жас Қазақстанды әлем танитын биікке шығарды. Қаншама бастамалары ел игілігі үшін жүзеге асып келеді», - деді бас мүфти.
Сондай-ақ, ол Елбасының ел мен елді достастыру мен әлемдегі түрлі дін өкілдерін бір үстел басына жинап, ымыраға келтірген тұлға екендігін де айтты.
«Сирия еліндегі қанды соғысты тоқтатуға бағытталған «Астана процесі» өз жемісін берді. Бір-біріне қарсы тараптар бірге отырып, өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, әлемнің түрлі дін өкілдері Астанада бас қосып, бір үстел басында мәмілеге келді. Одан бөлек, еліміздегі дәстүрлі дініміздің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Сәулеті жарасқан, ай күмбезді мешіттер мен медреселер соның дәлелі. Күні кеше ғана Елбасымыз Елордада Орта Азиядағы ең үлкен мешіттердің бірі саналатын жаңа мешіттің ірге тасын қалауға қатысты. Елбасының тосын мәлімдемесін өкінішпен қабылдасақ та, ол кісінің көреген саясаткер, Құдай берген ерекше қабілетінің арқасында болашағын болжай алатын тұлға ретінде әрбір шешіміне құрметпен қараймыз», - дейді Серікбай қажы Ораз.