Бас мүфти Мысыр елшісімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Египет Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Манал Ехия әл-Шиннауи ханыммен кездесті, деп жазады Muftyat.kz.

Кездесуде екі ел арасындағы тарихи-мәдени һәм рухани саладағы қарым-қатынас сөз болды. Бас мүфтиді жаңа қызметімен құттықтаған елші игі ниетін жеткізді.

Сіздің діни саладағы жоғары лауазымды қызметке сайлануыңыз мүфтияттың 30 жылдық мерейтойымен сәйкес келген екен. Сізді және ұжымыңызды мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа қызметтегі жаңа бастамаларыңызға береке тілеймін. Өзіңіз білесіз, әл-Әзһар университеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасында әріптестік байланыс қалыптасқан. Біз осы ортақ келісім аясында қазақстандық дін қызметкерлерін Мысырда білім жетілдіруіне қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Осы жылы да қазақстандық студенттерге грант бөлінді. Бұл бағыттағы игі шаралар жыл сайын жүзеге аса береді, – деп атап өтті Манал Ехия Әл Шиннауи ханым.
Қазақстан мен Мысыр халқын оның ортақ тарихы мен дәстүрлі діні байланыстырып тұрғанын сөз еткен бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:
Біздің Сұлтан Бейбарыс бабамыз өз заманында Ислам дінін өркендетуге сүбелі үлес қосты. Бейбарыс бабамыздың бүгінгі ұрпағы, яғни Тәуелсіз Қазақстанның жастары Алматыдағы "Нұр-Мүбәрак" университетінде білім алып, ел игілігі жолында қызмет етуде. Бүгінде "Нұр-Мүбәрак" университеті екі елдің діни саладағы алтын көпіріне айналды. Біздің халқымызда: "Елдестірмек – елшіден" деген нақыл сөз бар. Сіз бауырлас елдердің байланысын арттыруға ықпал етіп келесіз. Біз де өз тарапымыздан ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз, – деді.
Кездесу соңында тараптар діни ағарту, білім саласындағы өзара әріптестік байланысты арттыруға уағдаласты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы