18 Қараша 2026, 13:03

«Бас киімсіз жүрсең, менингит боласың» деген рас па: Бала кезден санамызға сіңген 4 қате түсінік

Дәрігерлер бала кезден қалыптасқан осы және басқа да кең тараған қате түсініктердің шындыққа қаншалықты жанасатынын түсіндірді.

«Бас киіміңді ки, әйтпесе менингит болып қаласың!» Бұл сөзді Қазақстанда өскен балалардың көбі естіген болар. Оған қоса, терезе ашық тұрғанда отыруға, шашың су күйінде далаға шығуға болмайтынын да жиі ескертетін. Ал мұның қайсысы рас, қайсысы жай ғана қорқыту үшін айтылған сөз?! Астаналық педиатр Елена Шкарубскаямен бірге бала кезден санамызға сіңген түсініктердің ақ-қарасын ажыраттық. Бұған тағы бір себеп бар: Денсаулық сақтау министрлігі биыл менингококк инфекциясын жұқтыру көрсеткіші 2,2 есе төмендегенін хабарлады.

 "Бас киім кимесе, менингит жұқтырады"

Педиатр бұл сұраққа бірден әрі нақты жауап береді: жоқ. Менингитті вирустар мен бактериялар, соның ішінде менингококк, пневмококк және b типті гемофильді таяқша тудырады.

Суық ауа райы мен бас киімнің болмауы бұл микроорганизмдерді өздігінен пайда қылмайды және оларды балаға жұқтырмайды, – деп түсіндіреді Елена Шкарубская.

Бұл түсінікті алғаш кім шығарғаны белгісіз.

Бұл мифтің нақты авторы жоқ. Бәлкім, ол адамдардың күнделікті өмірдегі бақылауынан туындаған болар, – дейді дәрігер.

Қыста адамдар тыныс жолдарының инфекцияларымен жиі ауырады. Сондықтан көпшілік аурудың себебін суықтан көріп, оны инфекция қоздырғышымен байланыстырмайды.

Бала тоңып, жайсыздық сезінуі мүмкін. Бірақ басын жаппағаны үшін миы суықтап немесе менингит жұқтырып алмайды, – деп атап өтті педиатр.

Менингит қалай жұғады?

Менингококк адамнан адамға беріледі, – дейді Елена Шкарубская.

Дәрігердің айтуынша, бактерия ауа-тамшы жолы және тұрмыстық қарым-қатынас арқылы жұғуы мүмкін. Мәселен, науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде, онымен ұзақ уақыт жақын араласқанда инфекция таралады. Сондай-ақ ортақ бөтелке, стақан, ас құралдары немесе тіс щеткасын пайдаланғанда жұқтыру қаупі бар.

Көп адам бұл бактерияны тасымалдаушы болуы мүмкін, бірақ өзі ауырмайды. Дегенмен кейде инфекция қанға және ми қабықтарына өтіп, менингит тудырады. Бұл инфекцияны кез келген адам жұқтыруы мүмкін, – дейді педиатр.

Алайда оның айтуынша, мына топтағы адамдардың қауіп-қатері жоғары:

  • бес жасқа дейінгі балалар;
  • жасөспірімдер мен жастар, әсіресе жабық ұжымдарда тұратын немесе жиі болатындар;
  • иммун тапшылығы бар адамдар;
  • науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандар;
  • ауру жиі таралған өңірлерге немесе инфекция өршіген аймақтарға сапар шегетіндер.

Қандай екпелер қорғайды?

Менингиттің барлық түрінен қорғайтын бір ғана екпе жоқ, – деп ескертті Елена Шкарубская.

Себебі менингитті әртүрлі микроорганизмдер тудырады. Дегенмен Қазақстанның Ұлттық егу күнтізбесінде бактериялық менингиттің бірнеше маңызды қоздырғышынан қорғайтын вакциналар бар.

  • b типті гемофильді таяқшаға қарсы вакцина. Ол балаға 2, 3, 4 және 18 айлығында салынады;
  • «Превенар-13» пневмококк вакцинасы. Ол 2, 4 және 12–15 айлығында егіледі;
  • БЦЖ вакцинасы сәби дүние есігін ашқан алғашқы күндерде салынады. Ол сәбилерді туберкулездің ауыр түрлерінен, соның ішінде туберкулездік менингиттен қорғауға көмектеседі.

Менингококкқа қарсы вакцина барлық балаға арналған негізгі егу күнтізбесіне кірмейді, – деп нақтылады педиатр.

Оны ата-ананың қалауымен немесе дәрігердің ұсынысы бойынша ақылы түрде салдыруға болады. Менингококкқа қарсы вакциналар бұл бактерияның әртүрлі топтарынан қорғайды.

«Нименрикс» вакцинасы менингококктың A, C, W-135 және Y топтарынан қорғайды. Оны балаға алты апталығынан бастап салуға рұқсат етілген. Алты айдан асқан балаларға, жасөспірімдер мен ересектерге әдетте бір доза егіледі. Сәбилерге арналған егу тәртібі мен қайталап вакцина салдыру қажеттілігі баланың жасына және қауіп факторларына қарай анықталады. Бұл вакцина менингококктың B тобынан қорғамайды.

«MenFive» вакцинасы да менингококктың A, C, W және Y топтарына қарсы қолданылады.

Ал B тобына қарсы «Труменба» деп аталатын жеке вакцина бар. Оны 10 жастан бастап, арасына алты ай салып, екі рет егеді. Алайда педиатрдың айтуынша, бұл вакцина Қазақстанда жоқ.

Қандай вакцинаны таңдау керегін дәрігермен бірге шешкен дұрыс.

Вакцинаны таңдау адамның жасына, денсаулық жағдайына, сапарларына және эпидемиологиялық ахуалға байланысты, – дейді Елена Шкарубская.

Қандай белгілер байқалса, бірден жедел жәрдем шақыру керек?

Менингитке немесе менингококк сепсисіне күдік туған жағдайда 103 нөміріне бірден хабарласу керек. Келесі күнге дейін дәрігер қабылдауын күтпеңіз, барлық белгінің бірдей пайда болуын да күтудің қажеті жоқ, – деп деді педиатр.

Дәрігер мына белгілерге ерекше назар аударуға кеңес береді:

  • дене қызуының жоғарылауы, баланың кенеттен әлсіреп, ұйқышыл болуы, оятудың қиындауы, сөзінен жаңылуы немесе мінез-құлқының өзгеруі;
  • күшейе түсетін қатты бас ауруы, құсу, жарыққа қарай алмау, мойынның ауыруы немесе сіресуі;
  • құрысу;
  • басқанда түсі жоғалмайтын ұсақ қызыл-күлгін бөртпелер;
  • нәрестелерде тамақтан бас тарту, әлсіз немесе әдеттен тыс ащы дауыспен жылау, қатты мазасыздану, еңбегінің томпаюы, әдеттен тыс әлсіздік немесе денесінің босап қалуы.

Бөртпе мүлде шықпауы да мүмкін. Сондықтан бөртпенің болмауы күте тұруға себеп емес. Менингококк инфекциясы кейде бірнеше сағаттың ішінде асқынып кетеді, – дейді дәрігер.

"Балаға ашық терезеден суық тию"

Елена Шкарубская ата-аналардан жиі еститін түсініктердің бірі – осы.

Жел өтінен ЖРВИ, баспа, құлақ қабынуы немесе өкпе қабынуы пайда болмайды. Бұл ауруларды вирустар мен бактериялар тудырады, – дейді педиатр.

Ауру жұғуы үшін бала инфекция қоздырғышымен кездесуі керек.

Ашық терезеден кірген салқын ауа инфекцияны өздігінен ағзаға енгізе алмайды, – деп түсіндіріп өтті дәрігер.

Кейде ата-аналар баланың кешке терезе алдында отырғанын, ал таңертең ауырып қалғанын байқап, екеуін байланыстырады. Алайда инфекциялардың жасырын кезеңі болады. Вирус алғашқы белгілер пайда болғанға дейін бірнеше күн бұрын ағзаға еніп үлгеруі мүмкін.

Бұл жағдайда жел өті ауру басталған уақытпен ғана тұспа-тұс келген, – дейді Елена Шкарубская.

Сондықтан терезені мүлде жауып тастаудың қажеті жоқ.

Бөлмені үнемі желдетіп отыру керек, – деп кеңес берді педиатр.

Таза ауа бөлмедегі қапырықты басып, қолайлы микроклимат қалыптастыруға көмектеседі.

Тек баланың тоңып қалмауын және өзін жайсыз сезінбеуін қадағалау қажет, – деді дәрігер.

"Шаш су күйінде далаға шықса, бірден суық тиеді"

Аналар балаларын шашын кептірмей далаға шыққаны үшін талай ұрысқан. Алайда дәрігерлердің түсіндіруінше, суық тиюге вирустар себеп болады. Сондықтан шашы су күйінде далаға шыққаннан ғана адам ауырып қалмайды.

Америкалық «Мэйо» клиникасының дәрігерлері де осыны растайды. Суық ауа райының өзі адамды ауыртпайды.

"Суық тигенде сүт ішу мұрыннан су ағуын күшейтеді"

Бала кезімізде суық тигенде сүт ішуге тыйым салатындар аз болмады. Олардың түсінігінше, сүт ішкеннен кейін ағзада шырыш көбейіп, мұрыннан су ағу күшейеді.

Алайда «Мэйо» клиникасының дәрігерлері бұл пікірді жоққа шығарады. Сүт өнімдері шырыштың бөлінуін күшейтпейді.

Инфекциядан қалай қорғануға болады?

Бас киім суықтан қорғайды, бірақ инфекциядан сақтамайды. Ал жұқпалы аурулардың алдын алуға көмектесетін қарапайым әдеттер бар. Қолды жиі жуу, бөлмені желдету, бір бөтелкеден су ішпеу, өзгенің ыдысы мен тіс щеткасын пайдаланбау, науқас адамдардан алшақ жүру және екпелерді уақытында алу маңызды.

Ең бастысы – қауіпті белгілерді дер кезінде байқау. Егер баланың дене қызуы көтеріліп, қатты әлсіресе, құсса немесе басқанда түсі жоғалмайтын бөртпе пайда болса, таң атқанша күтпей, өз бетіңізше диагноз қоймай, бірден 103 нөміріне хабарласыңыз.