Бас дәрігер: 2018 жылы Жамбыл облысында 25 мың сәби дүниеге келді
Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының облыстық перинаталдық орталығы» ШБҚ МКК бас дәрігері Айгүл Айтбаева өңірдегі ана мен бала өлімі, әйелдер арасындағы жоспарсыз жүктілік пен жаңа туған сәбилер арасында жиі кездесетін аурулар жөнінде бөлісті.
- Айгүл Қалдыбайқызы, өткен жылды қорытындыласақ. 2018 жылы Жамбыл облысында қанша бала өмірге келді?- 2018 жылы Жамбыл облысында 25 035 бала дүниеге келді. Былтыр бұл көрсеткіш 24 495 сәбиді құраған болатын. Нәтижесінде, өңірдегі туу көрсеткішінің өсімі 202% құрап отыр. Соның ішінде, біздің Орталықта 6 608 бала дүниеге келсе, 165 егіз, 3 үшем туылды. Перинаталдық көмек бойынша біздің мекеме үшінші деңгейдегі көмек көрсететін медициналық мекеме болып табылады. Яғни, босану кезінде ананың немесе баланың өміріне қауіп төнуі мүмкін жағдайдағы босанатын әйелдер біздің орталыққа іріктеліп келіп, нәтижесінде 6 мыңнан астам бала осында жарық дүние есігін ашып отыр.
- Ана мен бала өлімі бойынша жағдай тұрақты ма?
- Облыста 2017 жылы ана өлімі бойынша 3 қайғылы жағдай тіркелсе, 2018 жылы осында 2 жағдай орын алды. Айта кету керек, мұндай қайғылы оқиғаларға жол бермес үшін, ана мен бала өлімін болдырмас үшін жылдан жылға ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Соның ішінде, қыз-келіншектердің уақытылы скринингтен өтуі қатты бақылауға алынуда. Облыста 14 мекеме бала туғызатын болса, 20 мекеме жүкті әйелдерді есепке алып, босанғанға дейін қадағалайды. Яғни, жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
- Өңірде шала туылған, яғни мерзімінен бұрын туылған сәбилер жайы қалай?
- 2018 жылы 903 бала біздің орталықта реанимациядан өткен болса, соның ішінде, 653 сәби мерзімінен ерте туылған балалар. Бұл 72% құрап отыр. Егер, өткен жылмен салыстыратын болсақ, 2017 жылы реанимациядан өткен 1023 баланың 714 шала туылған балалар. Іштегі баланың шала туылуына ананың өз денсаулығын күтпеуі, соның ішінде, жүктілікті жоспарламауы бірден-бір себепкер. Сонымен қатар, 1 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім көрсеткіші де шала туылған балалар есебінен көбейіп отырғанын жасырмау керек.
- Әйелдердің өз денсаулығына деген жауапкершілігі қандай?
- Әйел адам бала көтеруді жоспарласа, арнайы дайындықтан өтуі керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауымен, әрбір бала көтеретін әйел 6 ай бұрын фолий қышқылын 4 мг дозасында қабылдауы керек. Дәл осы қышқылды болашақ әке де қабылдауы керек. Осылайша, олар өз ағзаларын бала көтеруге дайындайды. Бұдан басқа, қан мен несеп талдауы, ультрадыбыстық зерттеулер секілді көптеген тексерулер бар. Яғни, дәрігерлердің «бала көтеруге дайын» деген қорытындысын алуы керек. Алайда, қазір көбіне бұл қағида сақталып отырған жоқ. Әйелдер арасында жоспарсыз жүктілік жиі кездеседі. Сондықтан, жүктілік кезінде түрлі аурулар пайда болады, ол баланы туа алады ма, жоқ па деген де мәселелер көтеріледі. Экстрагениталдық аурулардың ішінде жалпы, бала көтеруге тыйым салынатын жағдайлар кездеседі. Бұл бала көтеру және босану кезінде ананың өміріне қауіп төнетін жағдайлар. Облыстағы әйелдердің 0,2%-на бала көтеруге тыйым салынған. Алайда, жыл сайын осы топтағы кемінде 10 әйел бала көтереді. Бірақ, әзірше бұл жағдай әйелдің ажалына алып келген жоқ. Дегенмен, жүктілік мерзімінен бұрын үзіледі, сәбилері шала туылады.
- Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов соңғы бес жылда өңірде туу көрсеткіші 12 % төмендегенін айтты. Бұған не себепші болуы мүмкін?
- Оны былай түсіндіруге болады. Қазіргі уақытта балалы болып, ана мен әке атанып жатқандар 1989-1995 жылдары туылған азаматтар. Өзіңізге белгілі, ел тәуелсіздігін алатын дәл сол жылдары Қазақстанда үлкен дағдарыс орын алды. Сәйкесінше, бұл кезеңде елдегі бала туу көрсеткіші де өте төмен болатын. Ендеше, осы аталған жылдары туылған қыз-балалар қазір отбасын құрып, ата-ана болуды жоспарлап отырғандар санын құрап отыр. Дәл осы фактор облыстағы туу көрсеткішінің төмендігіне алып келді. Әйткенмен, бұл уақытша құбылыс және бірнеше жылдың ішінде туу көрсеткіші қайта артатыны анық.
- Облыстық перинаталдық орталық үшінші деңгейдегі көмек көрсететін мекеме дедіңіз. Өңірде жаңадан бой көтерген нысанның материалдық-техникалық жабдықталуы өлім аузында жатқан босанушы әйелді аман алып қалуға қауқарлы ма?
- Біздің мекеме 2016 жылдың қазан айында ашылған болатын. Орталықтың техникалық жабдықталуы ашылған жылы 95 процентті құрайтын. Қазіргі уақытта бізде компьтерлік томография, магнитті-резонансты томография жоқ демесек, Әйткенмен, осы жылы ультрадыбыстық зерттеу аппараты бар тағы бір сараптамалық бөлме ашылады. Қазіргі уақытта УДЗ аппаратына жіберген сұранысымыз қабылданды және балалардың көзінің соқырлығын анықтайтын аппарат та осы жылы орталыққа жеткізіледі. Орталықта қан кету кезінде көмек көрсету үшін қажетті барлық заманауи техника бар. Ол әйелдің өзінен шыққан қанды тазалап, сараптап қайта өзіне құюға мүмкіндік береді. Осы тұста айта кететін тағы бір жайт, өткен жылы перинаталдық орталықтың 11 маманы Мәскеуге барып, қан кету кезінде көрсетілетін көмек бойынша оқу оқып келді. 2018 жылы ресейлік профессор Шмаковтың әдісімен 5 метропластика отасы жасалды. Бұл бірнеше рет ота арқылы босанған әйелдердің тыртығы жұқарып, босану кезінде көп қан кетуінде қолданылатын технологиялар. Баяғы кезде мұндай жағдайда әйелдерде кемінде 3-4 литр қан кетсе, бүгінгі күні аталған әдістің нәтижесінде 1 литр қан кетумен босандыру мүмкін болып отыр.
- Әңгімеңізге рахмет!
Ақмарал Шағатай
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Түркістанда 2700-ге жуық құрылыс нысандары тексерілді
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы