18 Тамыз 2026, 11:54 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Барыс» орденін алған Тұрсын Жұртбай: «Бұл марапат – ұлт руханияты жолындағы еңбегіме берілген баға»

Ұлт руханиятына сіңірген еңбегі үшін марапатталған ғалым тарихи сана, Абай мұрасы және Алтын Орданың қазақ тарихындағы орны туралы айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің рухани жаңғыруы мен тарихи санасын қалыптастыруға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа жоғары мемлекеттік наградалар табыстады. Солардың қатарында көрнекті әдебиеттанушы, ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай да бар. Ол елдің тарихи жадын жаңғыртуға, ұлттық сананы қалыптастыруға және рухани құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлесі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Президенттің марапаттау рәсімінде Тұрсын Жұртбайдың төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосқаны атап өтілді. Осы орайда ғалыммен оның шығармашылық және ғылыми ізденістері, Абайдың рухани мұрасы, Мұхтар Әуезов шығармашылығы, сондай-ақ Алтын Орда мен қазақ елінің тарихи сабақтастығы туралы әңгімелестік.

Мемлекет басшысы сіздің еңбегіңізді атап өтіп, «төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қостыңыз» деді. Осы жолда сіз үшін ғылыми тұрғыдан ең маңызды нәтижелердің бірі қайсы болды?

– Қазақ хандығы – Алтын Орданың тікелей мұрагері, Жошы ұлысының жалғасы деген ұлы идеология бой көтереді. Бұл – қазақтың осы уақытқа дейінгі ең ұлы ұлттық идеясы деп есептеймін. Өйткені Алтын Орда бүкіл ұлттық мүддеге – қазақтың барлық жеріне, экономикасына, ұлттық байлығына, тіліне, діліне, заңына қатысты мәселелерге жауап береді.

Менің тәуір басталған поэзиядан, сәтті басталған шығармашылықтан бас тартып, 1977 жылдан бастап осы қазақтың рухани бостандығы үшін бет бұрғаным да сондықтан. «Дулыға» да, «Бесігіңді ұмытпа» атты трилогия да, Абай туралы жеті кітап та – осы қазақтың рухани бостандығына арналған шығармалар.

Сондықтан осы идеяның қалыптасуына менің шығармаларымның ықпалы аз да болса тиді және оны ел зиялылары мен Президентіміз бағалай білді деп есептеймін.

Осыншама жанкешті еңбектің нәтижесін өмірің аяқталып бара жатқанда көру – үлкен жұбаныш. Осы жолда атсалысқан азаматтарға, ең алғашқы оқырмандарыма, сөздерімді оқып, қабыл алған барша оқырман қауымға алғысымды айтамын.

Олардың кейінгі кездердегі әр нәрсеге алаңдаған үндері мен ұсыныстары, әрине, менің жүрегіме салмақ салады. Бірақ соның нәтижесі шықты деп ойлаймын.

Президент Абайды «ұлттың рухани темірқазығы» деп атады. Сіздіңше, Абайдың осы рухани темірқазық ретіндегі рөлі бүгінгі қазақ қоғамында нақты қандай құндылықтар арқылы көрініс табады?

– Әр ұлт өзі танып, өзіне құрметпен қарайтын, ең алдымен, ақыл-ойы мен ішкі сезімдерін, дүниені түсінудің эмоциялық жолдарын сол ұлттан шыққан данышпандар арқылы тани алады.

Сондықтан да немістер үшін – Гёте, орыстар үшін – Пушкин мен Толстой, француздар үшін – Вольтер сияқты ұлы тұлғалар бар. Солардың шығармаларын оқу арқылы өз халқының өткенін саралап, бүгінгісін талдап, ертеңгі жолын белгілейді.

Президентіміз атап өткендей, біздің рухани темірқазығымыз – Абай. Абайдың әрбір жағдайда – қуанғанда да, қиналғанда да, қайғырғанда да, толқығанда да, ойға қалғанда да – бір шумағын есіңе алсаң, сол сені әрі қарай терең ойға жетелейді. Тұлғасыз ұлт – тұлдыр ұлт. Абайсыз қазақтың ақыл-ойы жетім.

Менің «Толық адам» атты екі кітаптан тұратын еңбегім Абайдың көркемдік әлемін, «Толық адам» ілімін ғылыми тұрғыдан саты-сатысымен талдап, түсіндіріп беруге арналған. Президенттің осы мәселеге ықылас көрсетіп отырғаны да – біз үшін үлкен мәнге ие.

Сіз Мұхтар Әуезов және Абай мұрасын зерттеп, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы іргелі еңбектер жаздыңыз. Осы зерттеулеріңіз барысында бүгінгі ұрпаққа ерекше үлгі болатын қандай ортақ қасиетті байқадыңыз?

– Мен Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы «Бесігіңді ұмытпа» деген атаумен үш кітап жаздым. Мұндағы басты мақсатым – Әуезов арқылы Абайдың ішкі жан дүниесіне барлау жасап, оны тереңірек түсінуге ұмтылу еді.

«Абайды Әуезов арқылы түсіндім» десем, шындыққа жақын келеді. Әуезов Абайдың тереңін зерттей отырып, кей тұстарда оның тура айтқан пікірлерінен өзгеше пайым білдірген. Сынаған тұстары да бар. Сол сынаған жерлерін керісінше оқысаң, Абайдың нақты тереңдігі ашыла түседі. Біз Абайды Әуезовсіз терең сезіне алмаймыз.

Әуезов Абайды тебірентіп, күлдіріп, зарландырып, ашындырып, мақсат жолында күресуге, оқуға ынталандыратын тұстарын, махаббат сезімдерін қиыннан қиыстырып отырып бере білді. Оның басты мақсаты – Абайды әлемдік деңгейге көтеру еді. Әуезовтің бүкіл зерттеуі осы мақсатқа бағытталды. Ол мақсатына жетті. Біз де Абайды Әуезов арқылы тереңірек танып, сол рухани арнаны бүгінге жалғай аламыз.

Ұлылардың өмірін зерделеп, ой жүгіртіп, шығармаларын оқу арқылы біз кешегі күнімізді еске аламыз, бүгінгі күнімізге баға береміз, ертеңгі күнге жол таңдаймыз.

Ал бүгінгі ең басты жол – Қазақ хандығының Алтын Орданың заңды мұрагері екендігі туралы идея.

Енді осы идеяға барлық шығармашылық атаулы қызмет етуі керек. Алтын Орда хандарының берекесіздігінен ыдырады деген пікір бар. Бірақ мәселенің түпкі себебі бұл емес. Жүз сексен жыл бойы Еуропа мен Азияны Қара оба жайлады. Оның салдарынан халықтар бір-бірінен оқшауланып, әрқайсысы жеке-жеке күй кешіп, тұйықталуға мәжбүр болды. Алтын Орданың ұлыстарға бөлініп, біртіндеп ыдырауының басты себептерінің бірі де осы тарихи жағдай еді.

Сондықтан біз Алтын Орданың құлау себептерін, оның ішкі және сыртқы саясатын, жер мен тіл мәселелеріне қатысты ұстанымдарын бүгін жаңаша әрі ашық талдап, одан тарихи сабақ алуымыз керек. Бұл – өткенді ғана зерделеу емес, бүгінгі ұлттық идеологиямызды қалыптастыруға негіз болатын бағыт.

Осы идеяны терең зерттеп, оны ғылыми тұрғыдан зерделеп, қазіргі қоғамның рухани сұранысына сай дамытып, болашаққа бағыттауымыз қажет. Алтын Орда тарихы – белгілі бір кезеңнің ғана тарихы емес, қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығын танытатын маңызды арна.

Президент елдің жаңғыру кезеңінде ұлттық бірлік пен рухани құндылықтардың маңызын атап өтті. Сіздіңше, тарих пен әдебиеттің бүгінгі қоғамды біріктіретін ортақ құндылықтарды қалыптастырудағы мүмкіндігі қандай?

– Президенттің елдің жаңғыру кезеңінде ұлттық бірлік пен рухани құндылықтардың маңызын атап өтуі өте орынды. Өйткені тарих пен әдебиет – халықтың өткенін ғана танытатын сала емес, оның бүгінгі санасын қалыптастыратын, болашаққа бағдар беретін рухани негіз.

Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің Алтын Орда туралы ұстанымын қазақтың басты ұлттық идеяларының бірі ретінде жан-жақты түсіндіру қажет деп ойлаймын. Бұл мәселені әдебиетші де, тарихшы да кеңінен зерттеп, халыққа жеткізуі тиіс. Біз Алтын Орданың заңды мұрагері екенімізді тарихи сабақтастықтың маңызды үлгісі ретінде қабылдауымыз керек. Себебі өз тарихын терең таныған ұлт қана өзінің бүгінгі орнын бағалап, болашағын нық сеніммен айқындай алады.

Ал әдебиет осы тарихи сананы адамның жүрегіне жеткізеді. Ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы арқылы халықтың рухын, арманын, мұратын танытамыз. Сондықтан тарих пен әдебиеттің тоғысында ұлттық бірлікті бекемдейтін, қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын үлкен мүмкіндік бар.