«Барыс» ХК матчы алдында Қазақстанның ең үлкен байрағы жайылды
Астанада, елордалық «Барыс» клубы мен «Витязь» арасындағы матч алдындағы шоуда, Қазақстанның ең үлкен байрағы жайылды. Оның көлемі – 800 шаршы метр. Елордамыздың бас флагштогындағы жалаудың көлемі – 450 шаршы метр екенін айта кетейік, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шара, 22 қазан күні Алматыда өткен «Ашық Аспан» әлеуметтік акциясының жалғасы ретінде жүзеге асты. Ол кезде кәсіби парашютист байрақты Алматы аспанында 3000 метр биікте ашқан болатын. Науқан Қазақстанның рекордтар кітабына тіркеліп, бүкіл елге танылып, оң пікірге ие болған еді.
Осыған байланысты, «Барыс» ХК басшылығының «Менің туым - менің Елім!» атты науқанды бірігіп өткізу туралы ұсынысына «Ашық Аспан» науқанының белсенді тобы үн қатқан болатын. Шараны қазақстандық бизнесмендер, әйгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері қолдады.
Науқанды ұйымдастуршылардың бірі Тілек Қаналиннің айтуы бойынша, Қазақстанның ең үлкен байрағын жазу туралы идея бір жыл бұрын туған.
Біз ол кезде Қазақстанның ең үлкен жалауын қандай оқиғаға орай ашатынмызды білген жоқпыз. Тек, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 25 қазанды Республика күні деп жариялаған кезде, біз идеямызды осы мейрамға арнауды ұйғардық. «Ашық Аспан» науқанынының жалғасы ретінде туымызды «Барыс Арена» айдынында жазып, отандастарымызды қуантуды шештік. «Менің туым - менің Елім!» ұранымен өткен осы шара барша қазақстандық пен ойынға келген азаматтарға жағымды әсер қалдырды деп ойлаймын, - дейді ол.
Матч алды шоуға үлгерген жанкүйерлер шынымен әсер алғандарын айтады.
Жалауымызды көргенде мақтаныш пен шаттық сезімі кернеді. Мемлекеттік рәміздермен өткізілетін мұндай шаралар әрқашан рухтандырып, патриоттық жігер береді. Мен ұлыммен келгенмін. Сондықтан осы мезетте бірге болғанымызға қуандым. Осы сәтті ұйымдастыруға қатысқандардың бәріне алғыс айтамын, шынымен, бұл бір қатты әсер қалдырған мезет болды, - дейді «Барыс» ХК жанкүйерлерінің бірі.
Мұндай науқан хоккей клубының тарихында алғаш өткізіліп отыр. Мақсаты – хоккей жанкүйерлері мен әуесқойлары арасында патриоттық рухты көтермелеу.