Маржықпаев: Әрбір теңгені барынша тиімді пайдалану қажет!
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Бурабай ауданына жасаған жұмыс сапарында аудан басшылығына осындай тапсырма жүктеді.
Өңір басшысы құрылыс нысандарында және Щучинск аумағындағы 7 блок-бекеттің бірінде болды. Қаланың кіреберісіндегі бекеттерде әрбір азаматтың дене қызуы өлшенеді және сауалнама жүргізіледі.
Өмірлік маңызы бар нысандар жұмысын тоқтатпауы тиіс. Облыс көктемгі-дала жұмыстарына дайындалуда. Сондықтан да техника, жеткізілетін тамақ өнімдері, құрылыс материалдары, қосалқы бөлшектер және басқалары блок-бекеттер арқылы «жасыл дәліз» режимінде өтуі тиіс, - деді өңір басшысы.
Ауданның жол және коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға 13 миллиардтан астам қаражат бөлініп отыр.
Ауа райы қалыпты, жұмысты бір ай ерте бастауға болады. Өздеріңізді де, адамдарды да ұятқа қалдырмаңыздар. Жолдар мен аулаларды жөндеу, көшелерді абаттандыруда Көкшетаудан үлгі алыңыздар. Биыл Щучинск қаласында екі аула күрделі жөндеуден өтеді. Алға ұмтылу керек, жобалау-сметалық құжат дайын болуы тиіс. Ауданды дамытуға қомақты қаржы бөлініп отыр. Әрбір теңгені барынша тиімді пайдалану қажет!, - деді өңір басшысы.
"Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" аясында Щучинскіде екі мектепті күрделі жөндеу жоспарлануда.
Бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашуды, отандық құрылыс материалдарды пайдалануға басымдық беруді, сондай-ақ жергілікті жұмысшы кадрлардың үлесін 90%-ға дейін жеткізуді көздейді. Карантиндік кезең бір жағынан қолайлы да, оны барынша ұтымды пайдалану қажет. Ең бастысы, ұятқа қалдырмайтын жақсы мердігер табу қажет, - деп атап өтті өңір басшысы.
Ауданда аталған бағдарлама аясындағы 24 жобаның 17-сі Щучинск қаласында жүзеге асырылмақ.
Щучьеліктер жылуға қатысты жиі шағымданады. Алдағы жылу беру маусымына "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша 2,4 млрд теңге бөлеміз. Бұл былтырғы сомадан 11 есеге артық. Алайда әрбір теңгені барынша тиімді орнымен жұмсалуы тиіс, - деді Ермек Маржықпаев.
Облыс әкімі "Авиценна" медициналық мекемесінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аурухана соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, Бурабай кентінде 1 млрд теңгеге полиция бөлімшесін салу, орталық көшелерді жаңғырту жоспарлануда.