150 млн теңгенің жылқысын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облыстық Полиция департаментінің Криминалдық полиция қызметкерлері ұзақ уақыт бойы Түркістан облысының үш ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты құрықтады. 

Бұл туралы Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады.


Тергеу барысында ұсталғандардың бір жарым жыл бойы 14 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Жалпы барымташылар облыстың Қазығұрт, Төлеби және Сарыағаш аудандарының жайылымдарынан жылқы ұрлап отырған.

Осылайша, полицияға ондаған ауыл тұрғыны өздерінің малдарын жайылымнан белгісіз біреулер айдап әкеткені туралы арыз түсірген. Жәбірленушілердің бірі полицейлерге өткен жылдан бері мал ұрылары оның 25 жылқысын жымқырып кетіп, өзіне 12 миллион теңгеден астам шығын келтіргенін хабарлаған. Бұл жайт Қазығұрт АПБ-не ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" және 188-1-бабы "Мал ұрлығы" бойынша тіркелген.


Барымташыларды ұстау мақсатында Түркістан облыстық ПД криминалдық полиция, тергеу және жергілікті полиция қызметінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақты аралап, үй малдарын сату және сою орындарын, сондай-ақ, алыс шаруа қожалықтары мен жайылымдарды тексерді. Жедел уәкілдер жиналған ақпарат көздері негізінде мал ұрлықтарын бір қылмыстық топтың істеуі мүмкін деген болжам жасаған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері Қазығұрт ауданының екі тұрғынын ұстады, оның бірі - бұрын сотты болған. Тергеу барысында жедел уәкілдер тағы да қатысушының ізіне түсті, олар - ұрланған жылқыларды сатып алушылар. Белгілі болғандай, барымташылар жайылымнан жылқыларды ұрлап, қораларында жасырын бағып, содан кейін олардың сырғаларын ауыстырған және жылқыларды базарға немесе етке өткізіп отырған, - делінген ведомство мәліметінде.

Тергеу барысында қылмыстық топтың 14 мал ұрлығына қатыстылығы анықталды: оның 7 дерегі Қазығұртта, 5 дерегі Сарыағашта және 2 дерегі Төлеби аудандарында. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 150 миллионға жуық теңгені құрады. Айғақты зат ретінде полицейлер 70-тен астам жылқыны тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды. 

Сондай-ақ, жедел уәкілдер күдіктілердің бірінің үйінен 2 дана қару мен 8 түп қарасора тапқан.

Бұл жайттарға байланысты ҚР ҚК-нің 3-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде: 188-бап - "Ұрлық", 287-бап - "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" және 300-бап "Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру". Бес күдіктінің 2-еуі қамауға алынды, 1-еуі кепілмен шығарылды, 2-еуі қолхат жазып берді. Тергеу амалдары жүргізілуде және мал ұрыларының басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Қазіргі таңда қылмыстық іс Түркістан облыстық ПД-нің өндірісінде және департамент бастығының қатаң бақылауында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы